Баянды бағдарлама аясында баспаналы болды

374

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқандай, «қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек». Жасыратыны жоқ, елімізде өзекті әрі кезек күттірмейтін мәселелер жетерлік. Атап айтар болсақ, халықты сапалы ауызсумен қамту, тұрғын үй мәселесі, жолдардың сапасы сынды шешімін таппаған мәселелер өте көп.

Осы аталған мәселелер негізінде 2021 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Яғни осы бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін нақты жоспарлар бекітіліп, кезең-кезеңімен шешімін табады деп күтілуде. Әсіресе, негізгі назар тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі құрылысын дамытуға аударылып келеді.

Бұл тұрғыдан келгенде Жамбыл облысында халықты баспанамен қамту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйеге қойылған. Бір қуантатыны, Ұлттық жоба аясындағы жұмыстар тек облыс орталығында ғана емес, моноқалалар мен аудандарда да жүзеге асып келеді.

Соның бір дәлелі – күні кеше Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 80 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Салатанатты шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, қоныстой иелерін қуанышымен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.

«Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы қарқынды жүріп жатқанын білесіздер. Елімізде соңғы жылдары экономиканың өрлеуі, халықтың әл-ауқатының жақсаруы мақсатында тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеуде. Осыған байланысты Қаратау қаласындағы бос қалған көпқабатты үйлерді қайтадан күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігі үшін пайдалануға беру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қаламыздағы Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан бес қабатты 80 пәтерлі көпқабатты үй қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне ұсынылғалы отыр. Бүгін 80 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табыс етіледі. 80 отбасы қоныстой тойлайды. Бұл – баршамыз үшін үлкен қуаныш. Мұндай қуанышты сәттер болашақта да жалғасын таба береді»,- деді аудан басшысы.

Қайда жөндеуден өткен үйдің кілттері кезекте тұрған көпбалалы жанұяларға, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге табыс етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.