Бүгінде өңір спортшылары өздерін әлемдік ареналарда ғана емес, Олимп биігінде де танытып үлгерді. Сондай-ақ, саңлақтарымыз халықаралық додаларда дара шауып, бұрын таңсық көрінген спорт түрлерінен теңдессіз екендерін дәлелдеуде. Бүгінгі кейіпкеріміз даңқты армрестлингші, әлемнің үш дүркін чемпионы Дмитрий Трубин.
1988 жылы Тараз қаласында дүние есігін ашқан Дима тоғызыншы сыныптан бастап армрестлинг спортына бет бұра бастайды. Жанарынан от жанып тұрған талантты жасты даңқты бапкер Ахмед Алиев қарамағына алып, қол күресі спортының қыр-сырын үйрете бастайды. Нәтижесінде Трубин небәрі 17 жасында Азия чемпионатын жеңіп алып, облыс спорты тарихында болмаған сенсацияны жасайды. 20 жасында әлем чемпионы атағына қол жеткізіп, тіптен рекорд орнатады.
Дмитрийдің спорттық мансабына көз жүгіртсек, армрестлинг спортынан ең титулдық спортшы ретінде де тарихқа еніп отыр. Атап айтсақ, 2006 жылы Азия чемпионаты мен Кубоктарының жеңімпазы болса, 2010 жылы АҚШ-та өткен Әлем чемпионатында атой салады. Араға бір жыл салып Алматы қаласында алауы тұтанған әлемдік додада бұл ерлігін тағы қайталайды. 2012 жылы Бразилияда ұйымдастырылған Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсе, 2013 жылы Польша жерінде үш дүркін әлем чемпионы атанады. Осы жылдары кәсіпқой спортқа ауысқан Трубин небәрі бес жылдың ішінде барлық деңгейдегі жүлделерге ие болады. Ең алдымен Алматы, Тараз қаласында Азия Кубоктарын жеңіп алса, артынша АҚШ-та өткен «Арнольд классик» халықаралық турнирлерінде (2015,2016,2018 жылдары), Польшада жалауы желбіреген абсолютті ауыр салмақ дәрежесі бойынша Әлем Кубогында, Ресей мемлекеті Лотошино қаласында ұйымдастырылған «Лотошино» халықаралық турнирінде топ жарып, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы титулдық бәсекеде абсолютті салмақ дәрежесіндегі интерконтиненталь чемпиондық PAL (Professional Arm Wrestling League) белбеуін иеленеді.
Трубиннің бұдан да басқа толайым табыстары жетерлік. Алайда, жерлесіміздің даңқын асқақтатқан екі жекпе-жек болатын. Оның алғашқысы 2012 жылы Болгарияда өткен атақты Джон Брзенкоға қарсы айқас еді. Бұл кездесуде жерлесіміз 20 жыл бойы кәсіпқой спортшылар арасында абсолютті чемпион атағын бермей келген Джонды 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Үлкен спортта «Профессор» деген лақап атпен белгілі Брзенконы небәрі 24 жасар қазақстандық спортшының тізерлеткені Трубинге деген әлем мамандарының көзқарасын түбегейлі өзгертті.
Ал, 2016 жылы Дима АҚШ жерінде атағынан ат үркетін Майкл «Монстр» Тоддтың өзін алып ұрғанда оның есімі аңызға айнала бастады. Себебі, Тодд соңғы сегіз жыл бойы PAL нұсқасы бойынша әлемнің абсолютті чемпионы деген атақты ешкімге бермей келе жатқан болатын. Тіпті, «Монстрдың» дөрекі әрі былғаныш күресі үшін онымен кездесуге өзге спортшылар жүрексінетін де. Бірақ, біздің батыр «Монстрдың» да дәуірі мәңгілік емес екенін дәлелдеп, әлемнің абсолютті чемпионын жерге қаратты.
Міне, әлемнің осындай даңқты рекордсмендерінің өзіне дес бермеген даңқты армрестлингшіміз қазір облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде» спорттық шеберлігін жетілдірумен қатар, бапкерлік те етуде. Оның шәкірттерінің ішінен бүгінгі күнге алты әлем чемпионы шықты. Енді Трубиннің арманы барлық нұсқалар бойынша әлемнің абсолютті чемпионы атану. Біз Диманың бұл биікті де бағындыратынына бек сенімдіміз.