Шу қаласында ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесін жүйелі түрде өткізіп тұру жөніндегі пайдалы бастама игі дәстүрге айналып келе жатқандай. Бұған дейін мәлімдегендей, аудан әкімі Қ.Ә.Досаевтың тапсырмасына сәйкес осы айдың екі жексенбісінде қалалық әкімдік алдындағы орталық алаңда жергілікті ауылшаруашылық өнімдері саудаға шығарылып келді. Ауданға қарасты ауылдық округтердегі ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер өз әкімдерінің жетекшілігімен аталған орынға таң атысымен келе бастайды.
Өткен сенбі күнгі жәрмеңкеге ауылдық округтердің көпшілігі атсалысып, ет, сүт, картоп, сәбіз, пияз, тағы басқа қажетті азық-түліктерді саудаға шығарды. Алғашында келушілер қатары сирек болғанымен, біртіндеп көбейе түсті. Өйткені, жәрмеңкенің өтетіндігінен тұрғындардың барлығы бірдей хабардар емес екені белгілі. Базар бағасынан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынылған азық-түлік өнімін көріп, қызығушылық танытып жатқандар баршылық. Мысалы, 1100 теңгеден сатылған қой еті бірден өтіп кетті, базарда оның бағасы 1500 теңге. Картоп, пияз, қызанақ және басқа тауарларға да сауда қарқынды жүрді.