Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміз бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Акцияға этномәдени бірлестік өкілдері де белсене атсалысуда.
Атап айтқанда, «Өнегелі ұрпақ» апталығының алғашқы күні Тараз қаласының 101 жастағы тұрғыны, тыл еңбеккері, ғасыр жасаған ана Авалова Улсоной үйінде тал егу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Авалова Улсоной – 1923 жылы дүниеге келген, тыл ардагері. Бар саналы ғұмырында қарапайым еңбекті насихаттаған қарт ана: «Тағдырыма ризамын. Жүз жылдық ғұмырымда қаншама қиын-қыстау күндерді бастан кешірдік. Бірақ оған ешқашан мойыған емеспіз. Қандай қиындық болса да еңбекпен еңсеруге тырыстық. Сол еткен еңбектің еш кетпегенін, әр ісіміздің ұрпақ тарапынан бағаланатынына бүгін тағы да көз жеткіздім. Баршаңызға алғысым шексіз»,- деді Улсоной әже.
Шараның мақсаты — ардагерлердің аулаларын тазалау, оларға тұрмыста көмектесу, қарттар үйлерінің аумақтарын абаттандыру арқылы республикалық деңгейдегі акцияға қолдау көрсету болып табылады.