Атыраудағы облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері су тасқынының алдын алу мақсатында бөгет тұрғызу жұмысын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, партия аталған қала маңындағы 7 учаскеде ұзындығы 21,2 шақырымды құрайтын дамба салу жұмысын қолға алған еді. Бұл жұмысқа бас-аяғы 120 техника жұмылдырылды.
Партияның Атырау өңірі филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Абдолла Идресовтың айтуынша, Еркінқала ауылында 8,2 шақырымды құрайтын бөгет тұрғызу жұмысы жүргізілуде. Бұл учаскеге 20-дан астам техника, 500-ге жуық волонтер жұмылдырылды.
Күндіз-түні жұмыс жүріп жатыр. Ауыл тұрғындары да аянбай атсалысуда. Ортақ істің айналасында күш біріктірдік. Волонтерлер қапқа құм толтырып жүр. Бұл қаптар бөгетті барынша берік етіп салуға жұмсалады, – деді Абдолла Идресов.
Өз кезегінде, облыстық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Жеңіс Әбілқаресұлы 50-51 учаскелерде 1,5 шақырымды құрайтын бөгет салынып жатқанын жеткізді.
Аталған учаскеде бөгет тұрғызу жұмысы түйінделеді. Ары қарай Жайық өзені теңізге барып құяды. Алайда бұл тұста да өзіндік мәселе бар. Яғни өзеннің теңізге құяр тұсы бітеліп тұр. Бүгінде аталған тұста тереңдету жұмысын қолға алу мәселесі қарастырылуда, – деді депутат.
Ал қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Азамат Муханжановтың айтуынша, Зарослый шағын ауданында ұзындығы 4,5 шақырым бөгет тұрғызылуда. Оның 2 шақырымы толық аяқталды.
Азаматтар таңның атысынан түннің батысына дейін аянбай еңбек етуде. Бұл іске 32 өз бетімен жүк түсіргіш, 7 жүк тиегіш және 1 тегістегіш техника жұмылдырылды. Барлық жұмысты уақтылы аяқтауға тырысып жатырмыз, – деді депутат.
https://turkystan.kz/article/242096-atyrauly-deputattar-zyndy-y-21-2-sha-yrym-bolatyn-damba-salyp-zhatyr