«Қонақ үй қожайыны 2,7 млрд теңге табысқа шығып отыр»: Мұхамедиұлының қорғаушысы рейдерлік шабуылды жоққа шығарды
Stan.kz
Мұхамедиұлы айтыптаушы тараптың жала жауып отырғанын айтты. Ал оның адвокаты Балауса Бердімбетова іс материалдарында рейдерлік факті дәлелденбегенін жеткізді.
“Бұл қылмыстық істің өзі біртүрлі сипатқа ие. Рейдерлік басып алу фактісі бойынша тіркелген, бірақ істің материалдарында рейдерлік фактісі дәлелденбеген. Жапа шеккен Қарымсақов 2019 жылы 2 млрд алған, енді 1,5 жылдан кейін 2.7 млрд теңге табыста қалған. Сот әділ шешім шығарады деген үміттемін. Өйткені тергеу барысында да, жапа шегушінің берген түсініктемесі де оның қылмысын дәлелдеген жоқ. Қылмыстық іс біржақты қаралған деп есептейміз. Тиісті орган ашықтықты қамтамасыз еткен жоқ. Біздің хаттамалар қанағаттандырылған жоқ”, – деді адвокат.
Адвокаттың сөзінше, Қарымсақов 100 % қонақ үй үлесін өзіне қайтарып алған. Қазір “Дипломат” қонақүйінің жалғыз қожайыны Серік Қарымсақов екенін айтты. Керісінше, Мұхамедиұлына тиесілі 2,7 млрд теңгені қайтармағанын мәлімдеді. Сондықтан бұл жағдайда ешқандай рейдерлік басып алу ісі жоқ деп есептейді адвокат Бердімбетова.
Сот залында экс-шенеунік бұл істі аяғына дейін жеткізетінін, керек болса халықаралық сотқа жүгінуге дайын екенін бірнеше мәрте айтты.
Келесі сот тыңдалымы 24 қазанда жалғасады.
Еске салсақ, бір жылдан аса уақыт тергелген Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Өткен айдың соңыда оған «Дипломат» қонақ үйін рейдерлік жолмен тартып алды деген қосымша айып тағылды. Куәгерлер экс-шенеуніктің қылмысы туралы сотта түсініктеме бергенімен, Мұхамедиұлының өзі «жала жауып отыр» деген сөзінен танар емес.
https://stan.kz/is-materialinda-reyderlik-fakti-daleldenbegen—myhamed-389588/