Ақыртас – Қарахан дәуірінің ескерткіші

1 940

«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына Жамбыл облысынан енгізілген тағы бір еңселі орын – Тектұрмас кесенесі. Тараз шаһарының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан кесененің бастау тарихы ХІV ғасырға тиесілі. Өкінішке орай, кесененің алғашқы сәулетшісі жайлы деректер бізге беймәлім. Дегенмен, киелі жердің «Тектұрмас» аталуына байланысты бірнеше деректер кездеседі. Соның бірі ретінде филолог-ғалым Жанғара Дәдебаев Тектұрмас бабаның азан шақырып қойған аты Сұлтан Махмұт екендігін айтады. Оны өз дәуірінде хан сарайындағы бек қызметіне ұсынғанда, бас тартқан. Бектіктен бас тартқан соң, халық оны «Тектұрмас» деп атап кетеді. Сұлтан Махмұт көп ұзамай дін жолына түсіп, әулие атанады. Оның әулиелігіне көзі жеткен халық мазарының басына келіп, шырақ жағып, құрбандық шалып, тілек тілеген. Тұлғаны ХІV ғасырда құрылған Моғолстанның ханы деп көрсететін деректер де кездеседі. Ал, ендігі бір аңызда Тектұрмас Х-ХІ ғасырларда өмір сүріп, жаужүрек қолбасшы һәм ислам дінін уағыздаушы болған. Әулиенің бір ерекшелігі – ес білгеннен дін жолына мықтап түсіп, өңір аумағында исламның таралуына үлкен үлес қосқандығы.
Алғашқы ескерткіштің сыртқы көрінісі туралы сөз қозғалғанда, оның астыңғы бөлігінің төрт бұрышты, ал үстіңгі жағының күмбезді, күйген кірпіштен қаланып, есігі Тараз қаласына қаратылғандығы айтылады. Бұл кесене бертінге дейін бұзылмай тұрған. Себебі, бізге ХІХ ғасырдың 80-жылдарында түсірілген фотосуреті жеткен.

Тектұрмас кесенесі тұңғыш рет ХІХ ғасырдың екінші жартысында зерттелді. Оның орнын тапқан шығыстанушы ғалым Василий Каллаур еді. Осыдан кейін-ақ, бұл көне ескерткішке басқа да зерттеушілердің көзі түсіп, экспедициялық жұмыстар жүргізіле бастады.

Нысанның айналасы түгелімен қоршалып, оның сыртынан арнайы ор қазылған. Осы жерден табылған құpылыc қaлдықтapы мен қыш ыдыcтapдың cынықтaры қалашықта VII-XIII ғасырлардың аралығында қайнаған тіршілік болғанын дәлелдейді.

Ескерткішке алғашқы залал келтірген – қоқандықтардың шабуылы. 1864 жылы кесене маңына орыс отрядтарының зеңбіректері орналастырылған. Тап осы қаруларды жою мақсатында күмбез маңын жау нысанаға алған. Ал, ХХ ғасырдың 20-жылдары дінге қарсы шыққан большевиктердің кесірінен кесене толығымен қиратылады. Десек те, еліміз аңсаған азаттыққа, тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 2001 жылы кесене орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Тараздың 2000 жылдық мерейтойына орай 2002 жылы ескерткіш жаңадан бой көтерді. Осы ретте, баба мазарын қазіргі зәулім де сәулетті қалпына келтіруге өзі ұсыныс тастап, бастама көтерген, қаражатын да өз қалтасынан шығарған белгілі кәсіпкер, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Аршабайұлы Момышевтің еңбегін ереше атап өткен орынды. Кейінірек Амангелді ағамыз кесене маңайынан неке сарайын салдырды. Биыл жауһар жәдігердің жанашыры қазіргі шырақшы үйінің қасынан елу орындық заманауи қонақ үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Қалай дегенмен Әулиенің заңғар биіктегі зиратына қарап-ақ халықтың қамын жеп, уайымын бөліскен қасиетті ғұламаға тарихтың, қалың бұқараның берген бағасын аңғару қиын емес. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған.

– Кесене аумағындағы үңгір жөнінде нақты деректер бізге жетпеген. Бірақ, ол жайында аңыздар өте көп. Үңгірдің есігі жабылғанына 7-8 жыл болды. Ашық кезінде ол тек бір-ақ адам сиятындай ғана орын еді. Ал, аңыз бойынша ежелгі заманда ол үңгірдің кіреберісі өте кең болған көрінеді. Кеңдігі соншалық, екі-үш салт атты қатар сыйып кетеді екен. Және біраз жүргеннен кейін үңгірдің ішінде үш жүз аттылы сиятын алаң болғаны да айтылады. Бабаларымыз жаугершілік заманда қарттар мен сәбилерді, әйел балаларын осы үңгірде жасырып, аман алып қалып отырған делінеді. Сондай-ақ, үңгір ішінде бірнеше жол тораптары болғаны жайлы да ауыздан ауызға тараған деректер бар. Ондағы бір жол Талас өзенінің астымен өтіп, Қарахан кесенесінің маңынан шықса, ендігі бір бағыты Тараз қаласынан 40 шақырым жердегі Ақыртас сарай кешені маңайына тірелген. Ал, бір дәлізі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шаян елді мекеніндегі айдаһар үңгіріне, яғни Ақмешіт әулие деп аталатын үлкен тау үңгіріне алып баратын көрінеді. Біз, шырақшылар арасында тарихи экспедиция ұйымдастырып, сол Ақмешіт әулиеге барғанымызда, қарт шырақшысы Тараздан келген бізге «Сіздерде Тектұрмас деген әулие бар. Кесененің төменгі жағында үңгір болған. Сол үңгірдің бір ұшы осы жерден шығады» деп айтқан еді.

Баба кесенесі маңындағы құпиялар тылсым дүниелерге толы. Мұндағы үңгірге 1979 жылы 5-6 зерттеуші кіріп, тең жартысы сол жерде қайтыс болған екен. Кейінірек кейбір кісілерге үңгір ішінен түйенің боздағаны, сәбилердің жылаған, қарттардың ыңырсыған дауыстары естілетін болған. Дін саласындағы ғалымдарымыз да бұл құбылысты жоққа шығармады. Қазір үңгір жайлы сұрап, қызығушылық танытатындар өте көп. Келушілер саны күні-түні толастар емес. Жуырда ғана Ресейдің Тюмень, Уфа қалаларынан, АҚШ, Италиядан туристер келіп кетті, — дейді кесене шырақшысы Мәулен Әбдірахманұлы.
Ал, кесене қонақтарына 14 жыл бойы күні-түні үздіксіз қызмет жасап келе жатқан Светлана Ахметбекова жұмыр жердің бетінде, әсіресе Орталық Азия аумағында Тектұрмас деп аталатын тоғыз жер атауы бар екенін тілге тиек етті.

– Мен өзім Семей өңірінің тумасымын. Сондағы Мақаншы ауданына қарасты Мирный елді мекенінде Тектұрмас деген тау бар. Сол таудың бөктерінде ата-анам қой бағып, шаруашылықпен айналысты. Балалық шағым да, бойжеткен күндерім де сол тауда өтті. Тағдырдың бұралаң жолдарымен кейін Тараздағы Тектұрмас бабамызды өзім іздеп келдім. Содан бері 14 жыл осы жерде келуші меймандарға қалтқысыз қызмет етіп келемін. Таяуда айырқалпақты қырғыз ағайындар келіп кетті. Өздерін Тектұрмас әулиенің 27-ұрпағымыз деп таныстырды. Олардың айтуынша, Қырғызстанда да Тектұрмас деген тау бар екен. Бізге тұрақты түрде келіп тұратын ғалымдар да бұл деректі растап, жалпы Тектұрмас бабаның тұрақтаған жерлері, кезінде әскери бекіністері болған төбелердің барлығы осылай аталып кеткенін айтты. Ал, бабаның өзі жатқан жер – осы Таразда. Бір байқағаным, өзім туып өскен Шығыс Қазақстандағы Тектұрмас тауы мен осы жердегі ауа-райында ешқандай айырмашылық жоқ. Меймандардың көбісі бұл жердің тамшы суына дейін тәбәрік етіп, алып кетеді, — дейді қонақ күтуші Светлана Садыққызы.

Міне, Жамбыл жауһарларының әлі күнге сыры ашылмаған бірегей жұмбағының бірі осы — Тектұрмас кесенесі. Тараз қаласының әсем көрінісін де, терең тарихын да тамашалауға таптырмайтын орын қаншама заманалар алмасып, дәуірлер өзгерсе де Ұлы Дала халқы үшін өз құндылығын жоймайтыны анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.