Жайқалған жүгері алқабында

142
Қордай ауданы ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту, диқандарды жеңілдетілген дизель отыны және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу арқылы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу сынды игі үрдістерден кенде емес. Биылғы су тапшылығы шаруаларды қос бүйірден қысса да жолын тауып, жоғары өнім алудан үміттеніп отырғандар бар. Солардың бірі «Сұлутөр» шаруа қожалығы.
Отар даласындағы «Қопа» жазығында жайқалған «дала аруы» таңданыс тудырмай қоймайды. Қожалық онда 115 гектар алқапқа тамшылатып, 60 гектар алқапқа суармалы жүйесімен жүгері еккен. Шығымы тамаша. Өткен аптада аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Ғалымжан Оспановпен бірге газет тілшілері арнай барып, жайқалған алқап жанында қожалық өкілдері және жұмысшыларымен сөйлесіп, сұхбат алудың сәті түскен еді.
ШҚ басшысы Ермек Серіковтың айтуынша алғаш бұл орынға жүгері сеппес бұрын Кеңес заманынан қалған құдықтарды жөнге келтіруге тура келген. 5 құдықты тазалап, күшті су сорғылар қойылған. Нәтижесінде 200 гектарға жуық алқапты алып жатқан жүгеріні толыққанды суаруға қажетті су артығымен жетіп отыр.
Алқап басында таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етіп жүрген Әлібек Қонысбай, Кітапбай Жарықбасов және Асылжан Ембергеновтер еңбегін ерекше атап өтуге болады. Е.Серіков жүгерінің жақсы өсуі осы жігіттердің ала жаздағы еңбегінің арқасы деп бағалап отыр. Адам бойынан асып тұрған «дала аруын» жинау науқанына әлі ерте. Дей тұрғанымен де қазірден дайындық жұмыстары басталған. Келер жылы жалпы алқапты 200 гектарға ұлғайту да жоспарда бар. Отар жазығына жерсінген «Пионер» сұрыпынан орташа есеппен гектарынна 10 тонна өнім алу да жоспарда бар екен.
«Биыл ауданымызда сурамалы суға байланысты жағдай баршаға мәлім. Осыған қарамастан көзін тауып, көңілден шығатын өнім алуды мақсат етіп отырған «Сұлутөр» шаруа қожалығының жұмысы көпке үлгі. Біздер өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз, — дейді ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Ғ.Оспанов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.