Мәдениет – асыл қазынам Талас ауданының мәдениет күні өтті

212
Өңірдің өшпес өнегелі өркениеті мен мәдениетін өскелең ұрпаққа насихаттап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатын көздеген аудан күні өтті.
Салтанатты жиынға Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Мәди Мәтен қатысып, аудан халқының мерейлі қуанышымен құттықтап, өлкенің өнер иелеріне толағай табыс, мұқалмас шығармашылық шабыт тіледі.
Айтулы іс-шара Қаратау қаласындағы атшабарда көкпар, теңгі ілу, жамбы ату және қыз қуу сайыстарынан бастау алып, орталық стадиондағы көрмелер, қазақтың салт- дәстүрлері бойынша көріністер, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, спорттық бәсекелермен жалғасып, өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.
Думанды шоу аясында таластық эстрада жұлдызы Мұқасан Шахзадаев ән шырқады.
Орталық стадиондағы концерт аудан тарихына шолу жасау мақсатындағы қойылыммен басталды.
Қойылымда Талас ауданына ерен еңбегі сіңген азаматтардың бейнесі көрініс тапқан. Нақтырақ айтсақ, Талас ауданының тумасы, Социалистік Еңбек Ері Әбітай Бекболатовтың мал шаруашылығына қосқан орасан зор еңбегі, Ж.Шәріпұлы мен Сағи Исалдайұлының Қаратау қаласының өсіп-өркендеуіне және білім саласына қосқан үлестері қойылым арқылы көрермен назарына жол тартты.
“Абат” этнотобының “Таласым — туған жер” әнімен, би композициясына ұласты.
Сондай-ақ, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері өнер көрсетті. Концерттік бағдарламада “Hustle dance” бишілер тобы өнерлерін паш етті.
Іс-шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Шара барысында ұлттық спорт ойындары да салтанат құрды. Қазақ күресі, шекемтас, гір көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақты алаңда ойнау түрінен бәсекелер өтсе, Қызыләуіт ауылының азаматы тісімен ішіне адам отырғызылған көлікті тісімен тартса Берік Пшанов құлағымен гір тасын көтеріп көрермендерді таң-тамаша етті.
Сондай-ақ, ашық аспанды ән-жырымен әуелеткен іс-шара ауданның оң саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің туындылары мен көнеден сақталып келе жатқан жәдігерлері де қонақтарды тәнті етпей қоймады.
Айтулы іс-шараға аудандағы өзге ұлт өкілдері де көпшілікпен бірге аянбай атсалысты.
Елдігіміздің жарқын көрінісі – туған жер қасиетіне арқа тірей мерекеленетін осынау мәдениет күні осылайша өз мәресіне жетті.

Талас ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.