Әлем елдерін жаяу аралауға шыққан қазақстандық саяхатшы Грузияға жетті

108

Әлем елдерін жаяу аралауға шыққан қарт саяхатшы Грузияға жетті.

Сәрсенбай Қотырашов Іnstagram әлеуметтік желіcіндегі парақшасында Грузия Республикасына жеткенін жариялады.

«Кеше Гудауридегі қонақүйге қондым. Мұнда қонақүй, мейрамхана көп, азық-түлік дүкенін көрмейсің. Жолы ылди, шұғыл бұрылыстар бар. Міне, мен қазір таудың баурайында кетіп бара жатырмын. Жолдың бір жағы – жар, бір жағы – ылди», -деп жазды саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов.

Гудаури – Грузияның астанасы – Тбилисиден 120 шақырым қашықтықтағы кент. Ол жергеТбилисиден көлікпен 2 сағатта жетуге болады.

73 жастағы қария 2 тамызда Атыраудан жолға шыққан болатын.

Ол жаяу сапарын 2025 жылдың тамызында аяқтауды жоспарлап отыр. Екі жылға созылатын жаяу сапары үш кезеңге бөлінген.

Бірінші кезеңінде Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне 100 күнде жету. Аталған елдерге дейінгі қашықтық 3 мыңға жуық шақырымды құрайды.

Ал, екінші кезеңде Түркия, Франция, АҚШ елдеріне 180 күндік саяхатын бастайды. Бұл елдерді аралау үшін 9 мың шақырымнан астам жол жүреді.

Үшінші кезеңдегі сапарында АҚШ пен Қытайға, Моңғолияға барады. Одан соң Ресей арқылы Қазақстанға оралуды көздеп отыр. АҚШ-тан Қазақстанға жеткенге дейінгі 130 күнде 4 мың шақырымнан асатын жолды артқа тастайды.

«Менің ұстанымым – саяхаттау ешқашан кеш емес. Әлем елдерін жаяу аралаған қазақ қариясының атын Гиннестің рекордтар кітабына тіркеп, әлемдік рекорд орнатсам деймін. Ең бастысы, бейбітшілікті насихаттап, жаһан елдерін ынтымаққа шақырғым келеді», – деген еді Сәрсенбай Қотырашов.

 

https://turkystan.kz/article/231937-elem-elderin-zhayau-aralauga-shykkan-kazakstandyk-sayahatshy-gruziyaga-zhetti/

Leave A Reply

Your email address will not be published.