Былтыр төменгі лигаға түсіп қалған «Тараз» футбол клубы жанкүйерлерін жерге қаратқаны жасырын емес. Сүреңсіз ойындарымен жамбылдықтардың жүйкесіне ши жүгірткен клубтың басшылығы маусым соңында қызметтен қуылды. Ал, жаңа басшы Қанат Мұсатаев сол кезде биыл «Таразды» қайта Премьер-лигаға әкелуге күш салатындығын айтқан-ды. Қазір «Тараз» төменгі лига турнирінде екінші сатыда тұр. Бұл жерлестерімізге жоғары лигаға өтуге мол мүмкіндік тудыруда. Десе де, алда әлі үшінші айналым бар. Бұл кезеңге футболшыларымыз қаншалықты дайын екендігін және команда алдында қандай жоспарлар тұрғанын білмек мақсатта клуб директоры Қанат Мұсатаевпен сұхбаттасқан едік.
– Қанат Бектілеуұлы, жасыратыны жоқ, «Тараздың» соңғы ойындары жанкүйерлерін сүйсіндіруде. Дәл қазір команда жоғары лигаға көтерілуге бір табан жақын тұр. Айтыңызшы, бұл білікті басшының арқасы ма, әлде, жерлестеріміз өзінен әлсіз командалармен ойнап, бабынан гөрі бағы жанып жатыр ма?
– Соңғы жартыжылдықта клубта жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаржының аздығына қарамастан негізгі ойыншыларды командада алып қалуға тырыстық. Десе де, бірқатар ойыншылар басқа клубтарға ауысып кетті. Босаған орындарға барынша жергілікті жердің жігіттерін тартуға күш салып жатырмын. Олардың тамақтануынан бастап, жатын орнына дейін талапқа сай жасақталды. Жаттықтырушылардың жұмысын ширатып, бұрынғы бапкер Ваит Талгаев денсаулығына байланысты қызметтен өз еркімен кеткендіктен, оның орнына Тараздың тумасы Нүркен Мазбаевты әкелдім. Білікті маман футболшылармен тез тіл табысып, ойын өрнегін өзгерте алды. Нәтижесінде командамыз жеңістен-жеңіске жетіп, жеңілістің дәмін ұмыта бастады. Алайда, футбол командалық ойын болғандықтан, бұл бір ғана адамдың арқасында бітіп жатқан шаруа емес. Және клуб төменгі лигада әлсіз командалармен күш сынасып жүр деу де жаңсақ пікір. Біз турнир кестесіндегі екінші орынға маңдай терімізбен жеттік.
– Алғаш басшылық қызметке келгеніңізде «жанкүйерлер клубының» жұмысын да жолға қоюға күш салатындығыңызды айтқан едіңіз. Бұл бағытта қазір нақты қандай жұмыстар атқарылды?
– Мәселенің бәрі қаржыға келіп тірелетіндіктен, оларға қолдан келгенше көмек берудемін. Бірақ, клуб қазынасын оңды-солды шаша алмайтындықтан, кейбір тұстарда ақсап жатқан жерлеріміз бар. Десе де, мен жанкүйерлерді ешқашан назардан тыс қалдырмаймын.
– Жарты жыл бұрын жанкүйерлер үшін клубтың атрибуттарын сататын дүңгіршек ашып беруге уәде еткеніңіз де ел есінде. Алайда, бүгінде бұл жұмыста қозғалыс жоқ. Бұның себебі неде?
– Қазір спорт дүңгіршегін ашу үшін бірқатар кәсіпкерлермен келісудемін. Алайда, тараздық бизнесмендердің футболға деген қызығушылығы да, қолдауы да аз. Бәрін тәптіштеп жүріп түсіндірмесең, ешкім артық ақша салғысы келмейді. Онсыз да талай жыл бойы жөндеу көрмеген «Жастар» стадионын жаңғырту үшін әкімдіктен ақша сұраудамын. Сондай-ақ, клубтың әкімшілік ғимараты да ескірген. Сапасы сын көтермейді. Міне, осы жағдайлардың барлығын жоғары жаққа баяндап, мәселелерді кезең-кезеңімен шешудеміз.
– Қазір клубтың жеке парақшасын ашып қалсақ, тек ресми тілдегі ақпаратқа қанығамыз. Ал, мемлекеттік тілдегі жаңалықтар жоқтың қасы. Мұны қалай түсіндіресіз…
– Рас, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, мен бұл мәселені назардан тыс қалдырыппын. Десе де, сайтымыз жұмыс жасамай тұр дей алмаймыз. Қолдан келгенше жамбылдық жанкүйерлерді ақпараттандырудамыз. Дегенмен, бізде кадр жағы тапшы. Қазақ тілді баспасөз қызметшіміз жұмыстан шығып кеткеннен кейін, мемлекеттік тілдегі жаңалықтар жарияланбай қалған болар. Бірақ, мен бұл мәселені жіті бақылауыма алып, олқылықтың орнын толтыратын боламын.
– Бүгінде «Тараздың» талай талантты ойыншылары сыртқа кетіп қалды. Алды Ресей Премьер-лигасында доп теуіп жүрсе, енді бір тобы қазақстандық клубтарда өнер көрсетуде. Айтыңызшы, осы футболшыларымызды өзімізде алып қалып, жергілікті команданың әлеуетін арттыруға не кедергі?
– Өз басым жігіттер өзге мемлекеттерге кетіп жатса қуанамын. Бірақ, өзімізге бәсекелес болып, отандық клубтарға барып жатқанын құптамаймын. Әрине, «Астана», «Қайрат» сынды клубтардың бюджетімен «Тараздың» мүмкіндігін салыстыруға келмейді. «Сананы тұрмыс билеген заманда» кім көп қаржы береді, футболшылардың да сонда баратыны белгілі ғой. Біз өз жігіттерімізді командада ұстап қала алмай жатқанымыздың да басты себебі осында. Десе де, «Тараздың» «Астана» немесе «Қайрат» клубтары үшін «ұстахана» қызметін атқарғаны дұрыс емес. Сол себепті, облыс әкіміне «Таразды» егер биыл Премьер-лигаға шығарсақ, клубтың бірінші және екінші дивизионын жасақтауды ұсынып жатырмын. Бұл арқылы біз жасы келген футболшылардың орнын алмастыратын мықты кадрлық база құра аламыз. Егер осы жобамыз жүзеге асса, «Тараз» футболының жаңа дәуірі басталады.
– Бір жылдары Бразилия мемлекетіне жастарымызды жіберіп, футбол әліппесін үйреткен едік. Олардың қатарында жамбылдық жігіттер де болды. Осы азаматтардың ішінде өзін «Тараз» футболында танытқандары бар ма?
– Қазір Дінмұхамед Қараман есімді Бразилия мемлекетінің «Крузейро» футбол клубының түлегіне сұраныс жоғары болып отыр. Осы аптада Дінмұхамедке U-19 жасөспірімдер ұлттық құрамасына шақырту түсті. Мен құжаттарына қуана-қуана қол қойып бердім.
Жалпы, осыған дейін үш жамбылдық футболшы ұлттық құрамаға шақырту алса, енді олардың қатары Қараманмен толығуда. Бұл біз үшін үлкен олжа. Себебі, осы жастар ұлттық құрама сапында жүріп, ертең облыс атын әлемдік деңгейде танытатын болады.
– «Тараз» төменгі лигаға түсіп қалғаннан кейін кездесулердің көгілдір экран арқылы көрсетілімі тоқтады. Осы жұмысты қайта қолға алып, ойындарды телеарна арқылы тарату жағын ұйымдастыруды ойластырып көрмедіңіздер ме?
– Әрине, орталық стадиондағы ойындарға тараздықтар келмесе, алыс аудандағы жанкүйерлердің жете алмайтыны түсінікті. Сол себепті, біз команданың ойындарын клуб сайты және әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден көрсетуді қолға алдық. Бұл ойыншыларға қосымша күш беруде. Ал, үлкен телеарналар арқылы кездесулерді көрсетуге әзір шамамыз жетпей жатыр. Бәлкім, алдағы уақытта бұл мәселені зерделеп, жанкүйерлерді қуантып қалармыз.
– Жыл басында журналистерге берген баспасөз брифингіңізде командалық жүйемен жүруді жаныңыз қаламайтындығын айтқан едіңіз. Айтыңызшы, сіз келгелі ішкі құрылымда қаншалықты ауыс-түйіс болды?
– Жасыратыны жоқ, жарты жылда өзіммен бірге бірде-бір кадрды әкелген жоқпын. Тек, кезінде «Тараз» футбол клубында ойнаған бір азаматты менеджер ретінде қызметке алдым. Мен жергілікті кадрлармен жұмыс істеуді құп көретін басшымын. Сырттан ешкімді тартып, команда қалыптастыру туралы ой жоқ. Өйткені, осында талай жыл еңбек еткен азаматтардан артық клубты ешкім білмейді.
Ал, футболшыларға келер болсақ, мен «ананы немесе мынаны ал» деп бас бапкердің жұмысына араласпаймын. Ол командаға кімді қажет деп шешеді, соны маған таныстырады. Егер шын мәнінде футболшы болашағынан мол үміт күттіретін болса, мен келісімімді беремін.
– Алда үшінші айналымның 10 ойыны тұр. «Тараздан» соңғы кезеңде қандай нәтиже күтсек болады?
– Шынымды айтсам, «Тараз» сынды орталық стадионы, базасы бар, барлық қажетті құрылғымен қамтылған клубтар елімізде некен-саяқ. Оған қоса, команда Нуртас Кургулин, Абзал Таубай, Бауыржан Байтана, Әлішер Сүлей сынды мықты ойыншылармен күшейтілген. Мұндай құраммен жігіттеріміз кез келген команданы ұта алады. Жеңіске деген жігер болса болғаны. Шешуші сәтте футболшыларымыз сенім үдесінен шыға алады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов