Бөдене өсіру – берекелі іс

198

«Басты міндет-іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою. Кәсіпкерлер бизнеске жүргізілетін себепсіз тексерулерді біржолата  ұмытуы қажет. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп  береді. Мемлекет пен бизнес-сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады,-деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы жылғы Президент болып сайлануына байланысты өткен ұлықтау рәсімінде.
Тұрсынқыз Адылхасынқызы Жуалы ауданында туып, өскен. Жастайынан әке-шешесіне көмек беріп, аулаларында әртүрлі құс өсірумен айналысқан. Ол жақта мұндағыдай емес, құстың еркін жайылуына мол мүмкіндіктер болды.
2011 жылы байзақтық Талмас Сарықазановқа тұрмысқа шыққан бетте мамандығына сәйкес заң саласында  бірнеше жыл абыройлы еңбек етті. Алайда  бір айлыққа қарап отырғанды дұрыс көрмеген жас отбасы қосымша жұмыс көзін іздеді. Бұл кезде Тұрсынқыз бала күтімімен үйде отырған. Үйде отырып-ақ табыс табудың көзін іздеді. «Ізденген жетер -мұратқа» демекші,  алдымен мал шаруашылығымен айналысуды дұрыс көрді. Оған қажетті қора-жайды салып, мал бордақылауды қолға алды. Алайда өздері тұратын Ботамойнақ ауылында аталған атакәсіппен шұғылданушылар аз емес еді. Бұдан соң өзі қыз кезінде айналысқан өнімділігі жоғары тауық өсіруді ойлады. Ақылдаса отырып бұданда бас тартты. Екі-үш жылдай ойлана-ойлана келе бөдене өсіруге бел байлады. Бұл үшін алдымен бөдене  мен оның жұмыртқасының қаншалықты пайдасы бар екенін білу үшін ғаламторға үңілді. Оған қажетті жабдықтарды сатып алу, болмаса қолдан жасау туралы тағы да ғаламтордың көмегіне жүгінді. Оны күтіп- баптаудың жолдары  да ғаламторда анық жазылған екен. Енді оларды бөдене еті мен жұмыртқасын өткеру мәселесі ойландырды. Көп ұзамай мұның да шешу жолдары табыла кетті. Екі жас барлығымен жан-жақты танысып алған соң, өткен жылдың соңғы айларында бөдене асырауға қажетті жабдықтарды қолдан жасауға кірісті. Бала кезінен дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін  Талмасқа бұл анау айтқандай қиындық туғызбады. Алдымен қажетті материалдар дайындалды. Ұзындығы 2, биіктігі 1,5 метрдей болатын үш қатарлы 2 қондырғы көп ұзамай дайындалып, алдыңғы беті темір тормен қапталды. Ғаламторда көрсетілгендей, оларға жем салатын астау мен қажет кезінде  бөдененің өздері ағызып ішетін су мәселесі де шешілді. Күн сайын құс саңғырығы тазаланатын тұсы да ұмыт қалмады.
-Биылғы жылдың басында 40 бөдене мен 10 балапан сатып алдым. Алғашында байқағаным бөдене орын ауыстырғанды ұнатпай, адамдарды жатырқайды екен. Сондықтанда бөдене тұрған бөлмеге мен өзім ғана кіріп, оның күніне 3 мезгіл құрамында тары-талқан, жүгері, бидай, соясы бар дәрумендер қосылған жемін беріп, суын жиі қадағалап отырамын. Қазір 100 бөдене мен 50 балапанды асырап отырмыз. Күніне 75-80 жұмыртқа туады. Бөдененің етіне де, жұмыртқасына да сұраныс көп. Себебі ғалымдардың айтуы бойынша жұмыртқаның дәрумендік  құрамы тауық жұмыртқасына қарағанда 3-4 есе жоғары екен. Бір сөзбен айтқанда: бөдене еті мен жұмыртқасы сырқат адамның жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмектеседі. Міне осындай пайдасы көл-көсір жұдырықтай ғана құстың санын көбейту үшін қора-жайды қайта ретке келтіріп, оның санын 2500-3000 басқа жеткізуді ойластырып отырмын,-дейді кәсіпкер келіншек Тұрсынқыз Дүйсебекова.
Тұрсынқыз өзі қалаған бизнесін жүргізуде ешкімнен ешқандай көмек алмаған. Бөдене өсіруде алдымен оның тұратын жері таза әрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ кәсіпкерге балапан басып шығаратын инкубатор, бөдене жүнін тазалайтын  аппарат қажет екені белгілі. Ал бұларды жасап, сатып алу біршама қаржыны қажет ететіні айтпаса да  түсінікті.
-Мен балапандарды қалаға барып инкубаторға шығартып жүрмін. Бөдене жүнін тазалауда да басқаның аппаратына тәуелдімін. Қора-қопсымды қайта ретке келтіріп, жоғарыда аталғандай жабдықтарды сатып алу үшін мемлекеттен 1380 мың теңгелік  грант алуға құжат өткізгеніммен жолым болмады. Енді келесі кезеңге осындай грантты ұтып алу үшін құжаттарымды қайта өткізуге дайындап қойдым,-дейді кәсіпкер келіншек.
Ботамойнақ ауылдық округінің бас маманы Нұрлан Оразымбетовпен кәсіпкер келіншектің үйіне барғанымызда ол бөденелерін жемдеп жатыр екен. Су ішіп жатқан бөденелердің де қимылдары ширақ. Инкубатордан 17 күнде бармақтай жұмыртқадан шыққан балапандар 3-4 күнде-ақ қатая бастаған. Кәсіпкердің айтуынша балапандар жылдам өседі екен. Жұмыртқадан шыққан балапанға 37,7-38оС температура қажет көрінеді. Күн өткен сайын температура төмендетіледі. Себебі, бұл уақытта бөдененің дене қызуы арта түсетін көрінеді. Ал балапандар жарық дүние есігін ашқаннан соң, 45 күнде жұмыртқалай бастайды. Бөдене 1,5-2 жылдай ғана өмір сүреді. Сондықтанда екі жылға жақындағанда оның еті кафелерге өткізілетінін білдік.
Бөдененің ерекші бір қасиеті-жұқпалы аурулармен көп ауырмайтындығы. Сонымен қатар өнімі өз қасиетін жоймай, ұзақ сақталады. Бөлме температурасы жағдайында айға жуық, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін сақтауға болады.
Ерінбеген адам кез келген кәсіпті шыр айналдырады. Бұған жоғарғы білімді, кешегі заң қызметкері, 4 баланың анасы Тұрсынқыз Адылхасынқызының бүгінгі қолға алған ілкімді ісі дәлел болғандай. Қазақ халқына бұған дейін беймәлім болып келген  жұдырықтай ғана құсты күтіп-баптап одан мол табысқа кенеле бастаған ботамойнақтық жас кәсіпкер Тұрсынқыз Дүйсебекованың тындырымды тірлігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Мемлекет басшысы айтқандай, оның шағын  кәсібінің дамуына кедергілер кездеспей, қайта  тиісті орындар тарапынан қолдау көрсетіліп жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Сүндетулла Әбілов,
Ботамойнақ ауылы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.