Құланда 166 мың түп шие отырғызылды

632

Жамбыл өңірінде ауылды аймақтарды көгалдандыру жұмысы айтарлықтай деңгейде қолға алынған. Бұл тарапта мемлекеттің қолдауы да аз емес. Кезінде Жамбыл ауданында атақты «Шайқорық бауы» қолға алынып, 50 гектар жерге алма егу жұмыстары қарқын алған болатын. Қазір аталған жоба өз жемісін беруде. Бұл бастама бүгінде Т.Рысқұлов ауданында жалғасын тауып отыр.

Жамбыл облысы әкімдігінің белсенді қолдауының нәти­ж­есінде ауданда «Құлан агро­пар­кі» атты интенсивті бау егі­ліп, ел игілігіне пайдалануға бе­­ріл­ді. Жалпы құны 26 миллиард теңгені құрайтын аталған жо­­ба аясында болашақта екі мың­­ға жуық құландықтар жұ­мыс­­пен қамтылатын болады. Өт­кен жылдан бастап аудан ор­талығы Құлан ауылында ме­рдігер «ARNO AGRO» жау­ап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі 1000 гектар жерге жылына 45 мың тонна өнім беретін үде­мелі жеміс-жидек бауын отыр­ғызу жұмыстарын бастап, күз мезгілінде 200 гектар жерге шие ағашын отырғызған болатын.

– «Агропарк Құлан» интен­сив­ті бақша алаңына шие кө­ше­тін отырғызуды өткен жыл­дың қазан айында бас­та­ған бо­латынбыз. Дәл қазіргі уақыт­та 100 гектар алқапқа Поль­ша мем­лекетінен әкелінген «Люб­с­кая» тұқымды 166 мың түп шие отырғызылды. Кө­шет­­ке бар­лығы 620 миллион теңге жұм­салды. Ауданда бау-бақ­шаны салуға толықтай жағ­дай жасалған, – дейді «ARNO AGRO» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің бас директоры Мақ­сат Қуанышұлы.

Бүгінгі таңда «Агропарк Құ­лан» интенсивті бауында 50-ге тарта жұмысшы жұмыс істейді. Ал 2020 жылға дейін ауданда 600 гектар жерге алма, 200 гектар жерге жаңғақ және 100 гектар жерге жүзім егу жос­пар­ла­нып отыр. Аудан әкім­ді­гінің мә­ліметінше, егер жоба толық­тай жүзеге асқан жағдайда екі мың адам жұмыспен қам­ты­латын болады.

Қазіргі кезде Т.Рысқұлов ауданы мыңдаған гектар жерге көшет отырғызу жұмыстарын қар­қынды қолға алуда. Мәсе­лен Тереңөзек ауылынан 188 гектар жерге «KazAlma» жауап­кер­­шілігі шектеулі серіктестігі интен­сивті алма бағын отыр­ғы­зу жұмыстарын бастап кет­ті. Келешекте шағын ауыл ай­ма­ғын­да алма өсіріліп, оның жақ­сы­лығын халық көретін болады.

– Сатып алынған шие кө­шет­­теріне бүгінде тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Бұл мақсатқа несиелік қаржы­лан­дыру есебінен 386 милли­он теңге жұм­салды. Польша тәлім­ба­ғы­нан 139 мың 944 дана көшет жә­не «SolDrip» брендінің тамшылатып суару құралы алынды. Жобаны жүзеге асыруға Құлан ауыл­шаруашылығы колледжі өз үлес­терін қосып отыр. Аталған жо­ба «Құлан агропаркі» ин­тенсивті бауының алғашқы нысаны, – дейді Т.Рысқұлов ауда­ны­ның әкімі Асқар Қырықбаев.

Сонымен қатар ағымдағы жылы ауданда 40 гектар алқап­қа интенсивті алма бағын отыр­ғы­зу жоспарланып отыр екен. Бүгін­гі таңда тартылған ин­вес­тиция кө­лемі 1,2 миллиар­д теңгені құ­раған. Бұл да Жамбыл өңі­рі­нің экономикасы үшін маңыз­ды стра­тегиялық қадам, аймақта өр­леудің жаңа кезеңінің бастауы әрі отандық өнімді өндіруге деген тың қадам болмақ. Сондай-ақ аграр­лық ауданның тұрғындары үшін де бұл бастама нәтижелі еңбек­тің бастауы болып отыр. Бола­шақта Құлан жерінің қалың орманға айналғанын көретін күн алыс емес…

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.