Ұлттық қор – балаларға: қаржыны қалай алуға болады?

115

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

«Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 2023 жылғы 23 мамырда оған бастамашы болған Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ұсынуына сәйкес енгізілді. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз олардың арнайы жинақтау шоттарына аударуды көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу қажеттілігі туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленді», – деді депутат Берік Бейсенғалиев.

Ол атағандай, заң жобасының негізгі мақсаттары кәмелетке толған кезде жиналған қаражат есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік жасау мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының өскелең ұрпағын қолдау болып табылады.

«Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың есепті жылға дейінгі 18 жылдағы орташа жылдық кірістілігі пайдаланылады. Ол қысқа мерзімді құбылмалылықтың ұзақ мерзімді кірістілікке әсерін азайтады. Бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады, ал Ұлттық Банк қаржы құралдарына инвестициялайды. Бұл қаражат 18 жасқа толған кезде ғана баланың төлемдерді талап ету құқығын білдіреді. Ұлттық қордан қаражатты алу бала 18 жасқа толған кезде аудару мен пайдалануға қажетті сомада және жинақталған қаражат шегінде жүргізіледі», – деді ол.

Бейсенғалиев атағандай, нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтарды нысаналы жинақтау шоттарына есепке алуды және есепке жатқызуды, нысаналы жинақтарды төлеуді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асырады.

«Шоттағы қаражаттың мақсатты пайдаланылу тәртібін сақтау үшін «БЖЗҚ» АҚ-мен жұмыс істейтін уәкілетті операторларды (екінші деңгейдегі банктерді) анықтау ұсынылады. Қаражатты пайдалану мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) саласындағы және тұрғын үй құрылысы жинақтары саласындағы заңнаманың немесе тұрғын үй сатып алу (үлестік құрылысқа қатысу) туралы шарттың талаптары сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс. Заң жобасы бойынша жұмыс тобына 70-тен астам ұсыныс келіп түсті, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының бес отырысында және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында қаралды.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері оң қорытындылар ұсынды», – деді депутат.

Заң жобасы дауыс беру арқылы бірінші оқылымда мақұлданды.

https://turkystan.kz/article/225660-ulttyk-kor-balalarga-karzhyny-kalay-aluga-bolady/

Leave A Reply

Your email address will not be published.