Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы – ел игілігіне арналған жарқын бастамалардың бірі. Мәселен, Талас ауданындағы Үшарал ауылдық округінде жүзеге асқан қанатқақты жобаның нәтижесін қазір жергілікті тұрғындар көріп отыр.
Жалпы, көпшіліктің талап-тілектерін негізінде жасалған жоба бес бағытты қамтиды. Олар үй іргесіндегі жерді, ауладағы мал шаруашылығын, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтер құру, өз кәсібін немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру болып табылады.
Көптің көңілін жайландырып отырған жаңалығы сол, бұл жоба биыл Ойық ауылдық округінде жалғасын тауып отыр.
Ауыл әкімі Нұржан Мұхтаровтың сөзінше, бүгінде округ бойынша 432 аула бар. Жобаның бірінші бағыты бойынша пайдаланып жатқан жерді игеру мақсатында 6 млн. 134 мың 170 теңге бөлінген. Тиісті қаражатқа тұқым, тыңайтқыш алынған.
-2-ші бағыт бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта барлығы 111 ауыл тұрғынына несие келісімі беріліп, жалпы сомасы 546 млн. 540 мың теңге берілді. Бұл қаражатқа 531 бас жылқы, 370 бас мүйізді ірі қара, 3700 бас уақ мал алынса, 12 млн. 890 мың теңге мал азығына жұмсалды,-дейді ауылдық округ әкімі.
Бұдан бөлек жобада көрсетілген өзге бағыттар да қамтылып отыр. Мәселен, ауыл сыртындағы жер үлесін пайдалану мақсатында 100 гектар жерге көпжылдық шөп, 50 гектар алқапқа жүгері егу жоспарланған. Тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау жұмыстарына 16 млн. 405 мың теңге аударылды.
Тағы айта кетерлігі жарқын жоба негізінде «Ойық Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Үш шаруа қожалығын біріктірген кооператив 11 ауыл шаруашылық техникасына өтінім беріп отыр. Қазірдің өзінде тиісті техникалар жеткізіліп, көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті.
Сонымен қатар, төмен пайызбен несие алу бағыты шеңберінде көлік жөндеу қызметін ашуға 3 млн. 950 мың теңге қаражат бөлінді.
-Жоғарыда аталған барлық бес бағыт бойынша жобаға 649 млн. 089 мың 170 теңге қарастырылған. 112 жаңадан құрылатын жеке кәсіпкерлік ашылады,-дейді атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты Нұржан Мұхтаров.
Ия, байқағанымыздай жарқын жоба талай тұрғынның кәсібін бастауға, ойдағы жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Азаматтар іс бастап, несібесін айырып жатса, жеке бастың ғана емес, жалпы ауылдың игілігі болар еді. Өйткені ауыл тірлігімен ажарлы.
Алдыңғы