Ауыл азаматтарының айтары бар

85

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатымен Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Бектөбе, Құмтиын, Жамбыл ауылдарының тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, талап-тілектерін назарға алды.

Қабылдауға келген Бектөбе ауылының тұрғыны Ұлдар Жалмұрзаева 2019 жылы тұрғын үй кезегіне халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтардың ішіндегі зейнеткер санатында №209 болып тіркелгенін, бүгінде ауылдағы ұжымшардың пәтерін жалға алып тұрып жатқанын айтып, баспана қажеттілігін тілге тиек етті.

Өңір басшысы ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабы 1-тармағына сәйкес мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмде белгiленген кезектілік тəртібімен берілетінін айтып, бұл мәселені назарға алатынын айтты.

Ал құмтиындық Нұрғали Ботабаев үйіне ауызсу, газ кіргізіп беруіне ықпал етуін өтінсе, Жамбыл ауылының тұрғындары Болат Сартбаев, Сәкен Рысқұлбеков жайылым жер мәселесін шешіп беруін, Ықпал Құранбаева кәмелеттік жасқа толған қызына жеке куәлік ала алмай жүргенін жеткізді.

Азаматтарды мұқият тыңдаған Ерлан Қыдыралыұлы құмтиындық тұрғынның үйіне ауызсу, газ кіргізіп беруге жеке кәсіпкерлерге өтініш білдіретінін айтты. Ал жайылым жер мәселесін шешу үшін елді мекеннен 5 шақырым қашықтықта пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын сөз етті. Сонымен қатар өңір басшысы тұрғынға ауданның Көделіде жайылым жері бар екенін, мүмкіндік болса, қара күзге дейін малын сол жаққа шығаруға кеңес берді.

Ал жеке куәлік мәселесі бойынша туындаған сауалға тиісті орган басшылары жан-жақты зерделеу жүргізіп, нәтижесін хабарлайтынын тілге тиек етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.