Қазақстан халқы Ассамблеясы Петропавлдағы сепаратизмге қатысты мәлімдеме жасады

164

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Народный Совет Петропавловск» деп аталатын ұйымның атынан шыққан бір топ адамның арандатушылық мәлімдемесін қатаң айыптады деп хабарлады turkystan.kz.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығының мызғымастығын және оған ішкі және халықаралық заңнамаммен кепілдік берілгенін мәлімдейміз. Бұл әрекеттерді мемлекетіміздің конституциялық негіздеріне, қауіпсіздігіне, бірлігі мен тұрақтылығына қарсы бағытталған ел мүддесіне жасалған опасыздық деп бағалаймыз. Біз біртұтас халық ретінде қазақстандық қоғамда ешкімнің араздық пен сенімсіздік таратуына жол бермейміз», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.

Ассамблея мұндай арандатушылықтар аса жауапсыздықтың көрінісі және құзырлы органдар тарапынан қатаң тыйылуы керек деп есептейді. Кінәлілер сот тәртібімен заң аясында жазалануы тиіс.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтарды мұндай әрекеттерге бой алдырмауға және мызғымас бірлігіміз бен қоғамдық келісіміміздің негізі – халқымызға тән даналықты, төзімділікті, сенім мен өзара сыйластықты сақтауға шақырады. Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз және біз қай жерде болсақ та сүйікті Отанымыздың өкілдеріміз, ал халықаралық қауымдастық бізді біртұтас әрі қуатты ұлт ретінде таниды. Біз әртүрліміз, бірақ бірлігіміз әралуандылықта. Бұл қағидадан біз ешқашан ауытқымаймыз» дейді ұйым мүшелері.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда өздерін белсенді етіп көрсеткен азаматтар Қазақстаннан өз тәуелсіздігін жариялаған еді.

«Біз – Петропавл қаласының еркін және жігерлі халқы, ерлер мен әйелдер, еңбек адамдары Қазақстан Республикасы корпорациясының жалған заңдық негізіне байланысты, халықтың өміріне қолайсыз жағдайлардың жасалып жатқанын ескеріп, сондай-ақ оның агенттерінің әрекетсіздігі мен абыройсыздығынан біз жүйенің барлық құрылтайшылары мен қызметкерлеріне мүлкіміз бен ресурстарымызды басқаруға толық сенімсіздік білдіреміз. Біз, халық, тәуелсіздігімізді, автономиямызды, егемендігімізді жариялаймыз», – дейді желіде таралып кеткен видеода сөйлеп отырған әйел.

Бас прокуратура әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға – Солтүстік Қазақстан облысындағы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» («Народный совет трудящихся города Петропавловск») құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамадар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді басталды.

Осы күні облыстық полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Іс бойынша процесс прокурорлары айқындалды», – деп жазды ведомстводан.

 

https://turkystan.kz/article/218610-kazakstan-halky-assambleyasy-petropavldagy-separatizmge-katysty-melimdeme-zhasady/

Leave A Reply

Your email address will not be published.