«Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

93

«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы көшпелі отырысы Түркістан қаласында өтті.

Жиынға өңірлік кеңестің мүшелері, зиялы қауым, мәдениет, ғылым саласының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ҮЕҰ мүшелері қатысты. Сонымен қатар, Өзбекстаннан шақырылған қонақтар болды.

Өз кезегінде, Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев өңірде атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Оның айтуынша, кейінгі екі жылда партияның сайлауалды уәделерін орындау жөніндегі Жол картасы аясында аймақта 8 мәдени нысан салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, тозығы жеткен 14 мәдениет нысанға жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұл жұмыс ауылдық жерлерде де жалғасын табады.

Ал өңірлік «Miras» қоғамдық кеңесінің төрайымы, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаты Қалыйма Жантөреева өткен жылы атқарылған жұмыстың нәтижесімен бөлісті.

«Былтыр қоғамдық кеңес тарапынан мемлекеттік мекемелер мен өзге де ұйымдарға 41 ұсыныс беріліп, оның 90%-ы орындалды. Соның ішінде, Шардара ауданында «Qazaq radiosy» мен «Шалқар» радиосының, Жетісай мен Мақтаарал аудандарында «Qazaq radiosy» жиілігін тарататын радиоқондырғы орнатылды», – деді Қ.Жантөреева.

Жиын барысында өңірлік кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері де тыңдалды. Мәселен, сазгер Бекжігіт Сердәлі композиторлардың авторлық құқығын қорғау, шығармашыл тұлғаларға мемлекеттік стипендия немесе грант қарастыру туралы ойын білдірді. Ал журналист Тельман Бейсен өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды, жәдігерлерді, ескерткіштер мен киелі орындарды мемлекет қорғауына алу тізіміне қосуға ықпал етін комиссия құрылса деген тілегін жеткізді. Публицист Абай Балажан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет екенін алға тартты. Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан еліміздегі театрлардың жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отырған кедергілерге назар аударды.

«Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, кеңес мүшесі Жанар Темірбекова түркі халықтарының рухани-мәдени ықпалдастығын арттыруға бағытталған жобалар туралы баяндады. Аталған білім ордасының Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Булент Байрам жойылып кету қаупі бар түркі тілдері бойынша жүргізілген зерттеулерге тоқталды. Өз кезегінде, өзбек елінің белгілі хореографы, филология ғылымдарының докторы Хулкар Хамраева рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайтудағы «AMANAT» партиясының алатын орнын айшықтап, айрықша алғысын білдірді.

Республикалық кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай көшпелі отырыстың маңыздылығына тоқталып, оған қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

«Түркістан – дала данышпандарының ізі қалған, түркі жұртының құты қонған ғылым мен білімнің, мәдениетіміздің қастерлі қарашаңырағы әрі саяси орталығы. Бүгін зиялы қауым өкілдерінің айшықты ойларын тыңдадық. Проблемалар ашық айтылды. Біз оларды шешуге үлесімізді қосамыз. Кеңестің басты мақсаты да – осы. Өңірді әрі қарай дамытуға күш салу бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді ол жиынды қорытындылай отырып.

Айта кетейік, іс-шара барысында қатысушылар осы университеттің қабырғасында ұйымдастырылған «Бабадан қалған мұралар» атты көрмені аралады.

https://turkystan.kz/article/209810-miras-respublikalyk-kogamdyk-kenesinin-koshpeli-otyrysy-otti/

Leave A Reply

Your email address will not be published.