ҮШ АУЫЛДА УЧАСКЕЛІК ТІРЕК ПУНКТІ АШЫЛДЫ

94
Полиция қызметкерлері ауыл халқына адал қызмет етеді деген сеніммен ауданымыздағы үш елді мекенде: Айшабибі, Бірлесу-Еңбек, Аса ауылында жаңа учаскелік тірек пунктері пайдалануға берілді. Бой көтерген бұл жаңа учаскелік пункті полиция қызметкерінің әлеуметтік мәселесін реттеп қана қойған жоқ, тиісінше құқық қорғау саласының қызметкері халықтың тыныштығына баса назар аударуына қолайлы орта жасады.
Алғашқы болып Айшабибі ауылында пайдалануға берілгелі отырған тірек пунктіне Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов пен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы келіп, ауылдықтарды құттықтады.
✅ Ашылу салтанатында сөз алған Бауыржан Арынұлы:
– Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайылық таныту да аса маңызды. Бүгінде жергілікті әкімдіктің қолдауымен заманауи үлгідегі пункті учаскелік полиция инспекторына берілгелі отыр. Ендігі кезекте тәртіп сақшысының жұмысын жетілдіруге жағдай жасалғанымен жауапершіліктің жүгі ауырлайтынын, ауыл тыныштығын басты назарда ұстау керектігін инспекторларымыз ескеруі тиіс, – деген ол облыстық Полиция департаменті және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералинмен бірге жаңа нысанның кермесін қиып, қызметтік және отбасылық бөлмелерді аралады. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жаңа нысанды «B-grass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізгенін, тұрғынжай 6 бөлмеден тұратынын, керекті жабдықтармен қамтамасыз етілгенін атап өтіп, үш нысанның әр қайсысына 27 млн 742 мың теңгені жұмсалғанын айтты.
2. БІРЛЕСУЕҢБЕКТІКТЕРДІҢ ӨЗ ҚОРҒАНЫ БАР
Сондай-ақ облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің әр ауылдық округтің әкімі, мектеп директоры, учаскелік полиция инспекторы өзі жетекшілік ететін яғни басқаратын елді мекенде тұрақтау қажеттігі жөнінде аудан әкімдеріне жүктеген тапсырамасына сәйкес, тірек пункті Бірлесу-Еңбек ауылында да қолданыса берілді. Құрылыс жұмыстарын «Тараз-Ісмер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Ашылу салтанатында сөз алған ҚР ішкі істер министірлігінің Құрметті ардагері Тұрдалы Шералин:
– Бүгінде полиция болмысы қазақ ұлттық полициясына айналып, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда қалтқысыз қызмет атқаруда. Полиция – таңдаулы мамандық. Бұл сала үлкен жауапкершілік пен тәуекелділікті қажет етді.
©️©️©️
Басшылар тірек пунктінің ішкі бөлмелері мен жабдықтарын көріп, оң бағасын берді.
3. ОРТАЛЫҚ – ИНСПЕКТОРДЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА
Мұнан соң басшылар соңғы нысан Аса ауылындағы тірек пунктінің ашылуы салтанатына қатысты.
Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аса маңызды құрылымдардың бірі екенін айтқан Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Үдергенов жиналған көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Бір күнде Жамбыл ауданында үш бірдей тірек пункті ашылып отыр. Бұл дегеніміз тәртіп сақшыларына көрсетілген сенім мен құрмет. Сол сенімнің үдесінен шығу жолында ауданымыздың полиция қызметкерлері де аянып қалмайды деп ойлаймын. Бүгінгідей қуанышты сәтте баршаңызға мықты денсаулық, отбасының амандығын, тыныштығы мен берекесін тілеймін, дей келе құқық қорғау саласының ардагерлерімен бірге тірек пунктінің кермесін қиды.
©️©️©️
✅ Нысандардың ашылуы салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық полиция бөлімінің басышы Асылхан Заурбеков және тиісті ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.