Саяси тұрғырнама аясындағы ойлар бір арнада тоғысты

229

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХХІХ конференциясы өтті.

Партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары бас қосқан жиынның күн тәртібіне бірнеше мәселе қаралды.

Конференцияда алдымен партияның Саяси тұғырнамамасы туралы депутаттар, сарапшылар мен түрлі сала өкілдері жан-жақты ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерін білдірді. Мәселен, Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Махметғали Сарыбеков бұл Саяси құжатта партияның басым бағыттары айқын көрсетілгенін баса айтып,  әрбір адам лайықты білім мен медициналық көмек алуға, жеке қауіпсіздігінің қорғалуына, ыңғайлы әлеуметтік орта мен жайлы үйде тұруға құқылы екендігіне баса мән берілгенін ерекше атап өтті.

– Халқымызда «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ұлағатты ұстанымы бар. Мемлекеттің тұтастығы, елдің татулық, бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі ешкімнің қолжаулығына,ойыншығына айналмауы керек.

Қазақстан – әлемге татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылған мемлекет. Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII-ші съезі осының тағы бір дәлелі болды.

«Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды», — деген Әлихан Бөкейханның сөзі бар. «AMANAT» партиясы жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформалар аясында «әлеуметтік ұстанымдағы мемлекет» құру бағытын таңдады.

Әлеуметтік әділдіктің сақталмауы, қоғамның «байлар» мен «кедейлерге» бөлінуі, қарапайым  халықтың өмір сапасының төмендеуі «қайғылы қаңтар оқиғаларына» себеп болды. «Қасіретті қаңтардан» сабақ алып, «AMANAT» партиясы әлеуметтік әділдікті заң жүзінде және іс жүзінде қалпына келтіруге үндейді, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Сондай-ақ, мінберге көтерілген облыстағы білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева, партияның Жуалы аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының жетекшісі, «Талапты» бастауыш партия ұйымының төрағасы Руслан Сайлаубаев және Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали Саяси құжаттың әр тармағына кеңінен тоқталып, өз ойларын ортаға салды.

Алдымызда саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыратын демократиялық қағидаларға негізделген жаңа, Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр.

Осы орайда, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі болып табылатын «AMANAT» партиясы болашағын бағдарлап, партияның Саяси тұғырнамасының жобасы әзірледі. Құжатта «Біздің басты байлығымыз – Адам», «Азаматтық қоғам – дамудың кепілі» және «Мемлекет және біз» бөлімдерінде баянды болашақтың бағдары нақтыланған. Бастысы, ел дамуының негізгі тетіктері жан-жақты сараланып, экономиканы қуаттандырудың алғышарттары жазылған құжат өңірде 266 бастауыш партия ұйымдарында, 11 аумақтық филиалдардың конференцияларында жан-жақты талқыланып, пайымды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды.

Облыстық конференцияның күн тәртібінде партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, Бақылау-тексеру комиссиясының құрамына да өзгерістер енгізілді.

Жиын соңында 6 қазан күні Астана қаласында өтетін «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезіне партия Жамбыл облыстық филиалынан делегаттар сайланды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.