Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді – Президент

94

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесті деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше, төл шежіремізде айрықша орны бар өлке. Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір», – деді Президент тұрғындармен кездесуде.

Мемлекет басшысы халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

«Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық», – деді Президент.

Leave A Reply

Your email address will not be published.