Алматыда асфальт төсеген жұмысшылар еңбекақысын ала алмай сабылып жүр

88

Алматыда көшеге асфальт төсеген жұмысшылар еңбекақысын ала алмай сабылып жүр. Жүктелген жұмысты екі айда аяқтаған олар мердігер компанияның күнде ертеңінен шаршадық деп мұңын шақты деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

«Артымда тұрған кісілердің барлығын жұмысқа мен тартқанмын. «Алана Дорстрой», Ұлан Нүсіпов деген кісімен келісіп, осы жұмысты бастап істегенбіз. Сол кісімен ауызша келісімшарт бойынша есептеп, бітірген жұмыс істегенім – 13 миллион. 13 миллионнан бір тиын алған жоқпыз. Төлеп жатқан несиеміз бар. Пәтерде тұратындар бар. Азық-түлік, бала-шағаны киіндіру керек дегендей. Отбасымызға күнделікті керек-жарақты ала алмай отырмыз», – дейді бригадир Марат Айтақынов.

Марат Айтақынов бас-аяғы 18 жігітпен жазда бір шақырымнан асатын көшенің жолын жасаған. Жұмысшылар бұрынғы асфальтты қырып, жаңасын төсеуге таңнан қара кешке дейін екі ай бойы тынбай тер төккен. Ал техника мен құрылыс материалдарына мердігер компания жауапты болды дейді шағымданушылар. Бірақ құрылыс компаниясы мен бригадир арасындағы келісім тек ауызша болған. Сондықтан маңдайтер ақысын даулап жүрген жігіттер Еңбек инспекциясына шағымдана алмады. Олар ұжымдық арызын  аудан прокуратурасына өткізіп, құзырлы органнан көмек сұрап барды.

Мәселенің мән-жайын білуге қадағалаушы орган «Алана Дорстрой» серіктестігінің басшысын да шақырды. Компания директоры құрылыс материалдарын артық пайдаланудың кесірінен шығынға баттым деп ақталып отыр.

 «Жұмысты бұл кісі жасады. Аяғында санадық. Смета бойынша нөл болып шықты. Сондықтан ешқандай төлем алған жоқ. Мен қандай ақша беремін? Өзім нөлге кіріп отырмын», – дейді «Алана ДорСтрой» ЖШС директоры Ұлан Нүсіпов.

https://turkystan.kz/article/197267-almatyda-asfalt-tosegen-zhumysshylar-enbekakysyn-ala-almay-sabylyp-zhur/

Leave A Reply

Your email address will not be published.