Президентке үндеу жолдаған күзетшілердің талабы орындалатын болды

1 159

«Өзенмұнайгаз» АҚ сервистік қызмет көрсететін «KMG Seсurity» ЖШС жұмысшыларының талабы орындалды. Енді наразылық білдірген күзетшілердің еңбекақысы өседі.

Жаңаөзенде сервистік мекеме жұмысшылары талабын айтып, Президентке, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Маңғыстау облысы әкіміне бейнеүндеу жолдаған болатын.

«Біз «KMG Seсurity» ЖШС күзетшілері нарықтағы қымбатшылыққа байланысты еңбекақымыз айдан айға жетпей, басқа жаққа ауысу үшін жұмыс таппай отырмыз. Осы орайда «KMG Seсurity» ЖШС жұмысшылары атынан «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның аутсорсинг құрамына алуларыңызды сұраймыз. Ай сайын кемінде 200 мың еңбекақы беруді, әлеуметтік көмек ретінде еңбек демалысына шыққанда, мүгедек баласы барларға балаларды қорғау күнінде, қыз келіншектерге әйелдер мерекесінде бір реттік сыйақы беруді, балаларға жазғы лагерлерге жолдама сұраймыз. Сонымен бірге жұмысшыларды қудаламауын сұраймыз. Талабымыз орындалмаған жағдайда жұмысқа шықпаймыз»,- делінген бейнеүндеуде.

Бейнеүндеуден кейін арада бір күн өткенде олардың талабын орындау туралы шешім шықты.

«Өзенмұнайгаз» АҚ 2022 жылдың ақпан айынан бастап «KMG Seсurity» ЖШС жұмысшыларына қосымша берілетін келісімшартқа өзгеріс енгізеді. Қолданыстағы еңбекақы мөлшерін 30 пайызға, жыл қорытындысы бойынша сыйақы беру, бірыңғай минималдық әлеуметтік өтемақысын қосу қарастырылған. Сонымен бірге «ҚазМұнайГаз» ҰК-на қарасты «KMG Seсurity» ЖШС жұмысшылары арасынан іріктеу арқылы «Өзенмұнайгаз» АҚ-на іріктеу арқылы мамандар таңдау қарастырылады», — деді «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Ермек Қарамырзаев.

azattyq-ruhy.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.