«Тәуелсіздік жылдарындағы кәсіподақ: түйткілдері мен келешегі»

147

Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының бастамасымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жылдарындағы кәсіподақ: түйткілдері мен келешегі» тақырыбында аймақтық «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – Тәуелсіздік жылдарындағы кәсіподақ сала өкілдерінің, мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалу деңгейін анықтау, оларды жетілдіру жолдарын іздестіру.

Алқалы жиынға жергілікті мемлекеттік және өкілетті орган өкілдері, сот органдарының өкілдері, білім және кәсіподақ саласының ардагерлері, әлеуметтік әріптестер, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және салалық кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ел егемендігінің белесті-бедерлі 30 жылындағы кәсіподақтың орын мен рөліне арналған жиында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков әлеуметтік қысымды бәсеңдетуге, азаматтық қоғамды қалыптастыруға үлес қосатын әлеуметтік институттарының бірі – еңбек адамының атынан өкілеттік ететін кәсіподақтар болып табылатынын, тәуелсіздік жылдарында қоғаммен бірге түлеп-түрленіп келе жатқан кәсіподақтар да өз қызметін, еңбек адамының беделі мен мәртебесін арттыруға бағытталған негізгі миссиясын орындауға күш жұмсап келе жатқанына тоқталды.

Жиында Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Қарашолақов Бағлан Жиенәліұлы қосымша әлеуметтік-экономикалық, материалдық мүмкіндіктер, тегін заң кеңесін көрсету мен қолдау, лайықты еңбек пен тұрмыстық жағдай жасауға ықпал ету кәсіподаққа заңмен берілген құзіреттер екендігіне тоқталса, кәсіподақтың құқықтық қызмет бөлімінің басшысы Баймағамбетов Берік еңбек адамының әлеуметтік ахуалын арттыру мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақ ұйымдарының құқықтық қызметі мен үлесіне тоқталды. Заңгердің мәліметіне сай, кәсіподақтың құқықтық инспекциясы құрылған 2010 жылдан бері заңгерлер 4400 еңбек заңдылығының сақталуына қоғамдық бақылау бойынша тексеру жүргізіп,              16 834 құқықбұзушылық анықтаған. Осы мерзімде кәсіподақтың еңбек инспекциясына сала қызметкерлерінен еңбек қатынастарына байланысты                5 398 өтінітер түсіп, барлығы 55 549 құқықтық қызмет көрсеткен. Сотқа 86 материал әзірленіп, кәсіподақ мүшесінің құқығына байланысты әртүрлі деңгейдегі соттарда 125 сала қызметкерлеріне өкілеттік жасалған. Нәтижесінде 94 кәсіподақ мүшесінің жұмыстан заңсыз босап қалуына жол берілмеген. Құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде құқықтық қызметтің экономикалық тиімділік көрсеткіші 1 млрд. 382 млн. теңге қаржыны құрап отыр.

Сондай-ақ Тараз қалалық сотының судьясы Манкетегі Бауыржан Қазбекұлы жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешудегі сот тәжірбиесі, сотқа дейінгі кәсіподақтардың құзыреті туралы әңгіме қозғады. Кәсіподақтың жарғылық міндетін жүзеге асырудағы депутаттық мандаттың пәрмені және білім саласындағы жеке меншік секторда кәсіподақ ұйымдарын ашудың тиімділігі туралы білім және кәсіподақ саласының ардагері Орынбаева Гүлсін Рахымжанқызы айтты.

Алқалы жиын барысында аймақтағы 10 000-нан аса білім мен ғылым саласының әр санаттағы өкілдері арасында жүргізілген «Қәсіподақ: ол керек пе?» тақырыбында социологиялық сауалнаманың қорытындысы жарияланып, талқыға түсті.

Сонымен қатар «Дөңгелек үстел» барысында айтылып, талқыға түскен мәселелер бойынша арнайы қаулы қабылданып, жиынға қатысушы тараптарға бірқатар міндеттер жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.