Жуалыда Тұңғыш Президент күні аталып өтті

180

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Жуалы аудандық «Достық» мәдениет үйі қайта жөндеуден  кейін салтанатты түрде ашылды. Мерекелік шараға аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шара басталмас бұрын LED экран арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы туралы деректі фильм көрсетілді.

Мерекелік жиынның шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен түріліп, алғы сөз аудан әкімі Олжас Қаржауовқа берілді.

Бүгін егемен еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызы айрықша, аса бір айшықты күнге орай бас қосып отырмыз. Себебі, 1991 жылдың осы күні Қазақстан халқы алғаш рет  Тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президентін сайлап, тарихи таңдауын жасаған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи бетбұрыс тұсында тәуелсіздігіміздің тұғырлы, егемендігіміздің еңселі болуының қайнары болды.

Ал Тұңғыш Президент күні – елі мен жерін сүюдің, туған халқын құрметтеудің  өлшеусіз өнегесін көрсетіп келе жатқан өр Тұлғаға деген халықтың сүйіспеншілігінің көрінісі деп білеміз.

Сондықтан, бұл мерекенің баршамыз үшін орны ерекше, мәртебесі биік, маңызы зор, — деген аудан әкімі Олжас Есалханұлы тәуелсіздік жылдары ішінде жас мемлекетіміз  қалыптасып, экономикамыз жаңаша сипатқа көшкенін және еліміз бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен татулықтың киелі ордасына айналғанын баса айтты. Сонымен қатар, бүгінде Қазақстан мемлекеті  әлем мойындаған азат ел, еркін ұлт және әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі, мақтан тұтар мәдениеті, лайықты салт-дәстүрі  бар  мемлекет екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, аудан басшысы осы сара жолда халқын адастырмай, сүріндірмей көш бастаған  дәуір дарабозы Елбасымызға қашан да құрмет көрсету –  әр азаматтың парызы екенін айтып, Жуалы жұртын Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, жылы лебізін  жеткізді.

Бұдан соң, мерекелік кеш мәдениет үйі қызметкерлерінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.