Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың туыстары өздерімен бірге тыйым салынған заттарды алып өтуге ұмтылуларын тыяр емес. Десе де, өзіне жауапкершілік алатынын біле тұра заңсыз іске барушылардың әрекетін мекеменің қырағы қызметкерлері дер кезінде анықтауда.
Мәселен, күні кеше Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінде 1977 жылы туған О. М. есімді азаматшаның дәл осындай пиғылына тосқауыл қойылды. В. О. есімді сотталғанға қысқамерзімді кездесуге келген ол өзімен бірге 67 тал темекі алып келген. Мекеме жедел бөлімі мен №5513 әскери бөлімінің қызметкерлері тексеру барысында олардың ішінде 200 дана белгісіз ақ түсті таблетка барын анықтаған.
Азаматшаның айтуы бойынша, бұл әрекетке баруға оның сотталған туысы өтінген. Сонан соң белгісіз тұлғалар оған темекі салынған дорба әкеліп берген. Өз кезегінде, азаматша бұл дорбаны жазасын өтеуші В. О.-ға беруі қажет болған. О. М. аталған жағдайға байланысты өзге мардымды ештеңе айта алмады.