«Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы жемісті

157

Жастар саясатын іске асырудың негізгі міндеттерінің бірі — жас адамдардың өнегелік және рухани дамуын қалыптастыру, оларды патриотизмге тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту болып табылады. Аталған міндеттерді іске асыру үшін республика бойынша жастарды патриоттық тәрбиелеу іс-шаралары да әзірленген. Солардың бірі «Жасыл ел» бағдарламасы.

«Жасыл ел» бағдарламасының негiзi тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы бойынша қаланған болатын. Нәтижесінде 2005 жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, елiмiздiң барлық облыстарында филиалдары ашылған еді.  Міне, сол кезден бастап Елбасының бастауымен  Қазақстан Республикасында «Жасыл Ел» бағдарламасы кең етек алды.

Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты — жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы – жылына қаншама жастарды осы істерге тарта отырып,  олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету.

Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысы бүгінгі күнде Қордай ауданында жүйелі түрде қолға алынды. 2021 жылы аталмыш бағдарлама бойынша ауданымызда мамыр-шілде айлары аралығында 64 жас жұмыс атқарып жатыр. Бұл көрсеткен сандық көрсеткіштеріміз, ауданымыз бойынша жастар жұмыспен қамтылып, бүгінгі таңда жастарымыз қоршаған ортаның тазалығына өз септіктерін тигізуде.

«Жасыл ел» жасақшыларының ұйымдастыруымен бүгінгі күнде ауылдарда көптеген акциялар, қамқорлық шаралары өткізілуде. Атап айтар болсақ ауылдарда қарттарға көмектесу мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық!», «Атадан алсақ ақ бата!» атты акциялары, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, жастарды игі әрі сауапты іске баулу мақсатында «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясы, ауыл тазалығына еңбек жасындағы кісілерді тарту мақсатында «Еңбек түбі – береке» атты, саябақтарды және аудан көшелерін, көрнекті жерлерін, ескерткіш пен кесенелерін көркейту мақсатында «Таза парктер», «Табиғатты аялайық» акциялары ұйымдастырылып өткізілді. Қариялардың және тұрғындардың батасын алып қамқорлықкөрсеткен жастарымыз, өз ауылдарының гүлденуіне, жастар арасында мәдениеттілікті арттыру мақсатында белсенділік танытуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.