Пробация қызметінің қызметкерлері ерікті жастармен кездесті

657

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай республика көлемінде түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы, бүгінде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап көбеюде. Оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда.
Күні кеше Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Пробация қызметінің қызметкерлері бірқатар ерікті жастармен кездесіп, еріктілер жылына орай өзара іс-шаралар жоспарын құрды. Басқосуға Медет Нурдилла, Арнат Саматұлы, Ағилаш Тәңірбергенова және Нәзерке Маратқызы секілді тараздық белсенді ерікті жастар арнайы қатысты.
Жиынды Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті Пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Жанат Нурмаханбетова ашып, жүргізіп отырды. Жанат Аманқұлқызы Волонтер жылына арналған іс-шараларда жамбылдық еріктілердің рөлі маңызды екенін атап өтті.
— Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде волонтерлық ұйымдар жұмыс істейді. Солардың бірі – Жамбыл облысы бойынша «Жібек жолы» жастары волонтерлар қозғалысы. 2016 жылы құрылған аталған ұйымда бүгінгі таңда облыс бойынша 1600, Тараз қаласында 150 ерікті жұмыс істеуде. «Жібек жолы» жастары облыс көлемінде өтетін әлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өз-өзін дамыту салалары бойынша іс-шараларға белсене араласуда. Бүгін сіздермен жүздесуіміздің де басты себебі – бірлесе жұмыс жасайық деген ниетімізді білдіру еді. Алдағы уақытта айналысындағы адамдарға пайдамды тигізсем дейтін волонтерлермен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздеп отырмыз, — деді.


Бұдан кейін сөз алған «Жібек жолы» жастары волонтерлар қозғалысының жетекшісі Медет Нұрділлаұлы әрбір еріктінің басты міндеті – өз еркімен көмектесу екенін, өзі 16 жасынан бастап волонтерлар қозғалысының бір мүшесі, кейінірек бас координаторы атанып, облыстық «Жастар саясаты мәселелері» басқармасынан келген тапсырмаларды тыңғылықты орындауға тырысатынын жеткізді.
— Еріктілер қозғалысына мүше болған күннен бастап, өмірімнің жаңа бір кезеңі басталды десем де болады. 4 жылдан бері ерікті атанып, әр іс-шараға белсенді қатысуға тырысамын. Негізінде, ерікті болудың өз артықшылықтары бар. Мәселен, кез келген жобада жүргенде ойыңда: «Әлемді мейірімділік құтқарады», — деген сөз жатталып қалады. Бір жағы бос уақытыңды тиімді пайдаланып, жобаларды жүзеге асырып жүргенің – үлкен тәжірибе. Бұл жерде алар тәжірибем болашақта өз жемісін береді деп ойлаймын, — деді Медет.


Кездесу барысында сондай-ақ өзге де жастар өз ойларымен бөлісіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап ала алды. Олар өз сөздерінде Пробация қызметі тұрғындарды қуантатын көптеген шараларға бастамашы болса, қолдау білдіруге қашан да дайын екендіктерін баса айтты. Басқосу соңында Жанат Нурмаханбетова келген қонақтарға рахметін айтып, елдің мүддесі үшін әрқашан жұмыс жасауға дайын екендігін білдірді.

Сәния Абжанова,
Пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің аға инспекторы әділет капитаны

Leave A Reply

Your email address will not be published.