Халық ұсыныстарын айтты

677

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2013 жылғы 15 тамыздағы №615 Жарлығын іске асыру мақсатында бекітілген кестеге сәйкес өткен аптада аудан әкімдігінің бас инспекторы Сайнұр Амановтың қатысуымен Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Сарыөзек, Құмөзек ауылдарының тұрғындарымен өткен басқосуда ауылдық округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев жыл ішінде атқарған жұмысы туралы есеп берді.

Кездесуге ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, жеке кәсіпкерлер, округтегі мекеме басшылары қатысты.

Алдымен Сарыөзек ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінде өткен есепті кездесуде округ әкімінің есебі тыңдалды. Ауыл тұрғыны Шынарай Макарова жалғыз басты ана ретінде жәрдемақы ала алмай отырғанын, мұғалім Мақсұт Омаров физика, химия пәнінен сабақ беретін мамандардың жетіспейтінін, шабындық жердің жоқтығы, ауыз су мәселесі, қасқырдың көптігі, мектеп жабылады деген сыбыс туралы, ал Батыржан Ізтілеуов: «Өріске кеткен малымыз мүйіздерін жоғалтып келіп жатыр»- деп жерді сатып алған жеке қожалықтардың иелеріне өкпесін айтты. «Назерке» шаруа қожалығының жетекешісі Қуаныш Көпесбаев мал ауруынан 30 бас малының өлгенін, жұмыспен қамту орталығына тіркелудің қиындығы, Әбділдә Жүнісбеков мал ауруының диагнозы әлі дұрыс анықталмай отырғанын, мал ұрлығы, жол мәселесі, байланыс телефоны, интернет желісі жайлы сөз қозғады.

Есеп беру жиыны Құмөзек ауылындағы клубта жалғасты. Құмөзектік тұрғындар да өздерін мазалап жүрген көкейкесті сауалдарын ашық түрде жеткізе білді. Арнайы мүгедектер арбасымен есептік жиынға келген ауыл тұрғыны, 1 топтағы мүгедек Тұрсын Шағанбаев үйінде жағар отыны жоқ екенін айтса, Сәкен Мұқатев көше жарықтарының дұрыс жанбауы, зейнеткер Өмірәлі Қайырбеков шірік отын алу мәселесін көтерді.

Аталған қос ауыл тұрғындарының көтерген барлық мәселелеріне ауылдық округ әкімі Б. Сатыбалдиев жауап берді.

Жиында округ әкімінің 2019 жылы атқарған жұмыстары қанағаттанарлық деп бағаланды.

Қызылтал ауылдық округіне қарасты А.Назарбеков ауылындағы Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінде болған кездесуде округ әкімі Мұхит Тілеужанов ауыл тұрғындарының алдында есеп берді. Есептік кездесуге аудан әкімінің бас инспекторы Сайнұр Аманов, ауыл тұрғындары, шаруа қожалық жетекшілері қатысты. Округ әкімінің есебінен соң, ауыл тұрғыны Е. Таткеев қайтарымсыз 505 мың теңге несиені қалай алуға болатынын, ауыл тұрғыны Белқожа Исатаев «Биыл егін егуге ауыл тұрғындарының ынтасы зор. Сондықтан егін суы биыл ертерек берілсе, былтыр аудан әкімі жерімізді аудартып, тырмалау үшін арзан бағамен трактор жіберген болатын. Бұл ісіне үлкен алғыс айтамын, ауылымыздан кооператив құрылса» деген ұтымды ойларымен бөлісті. Сонымен қатар ауыл тұрғындары Айтбек Сұлтаналиев, Қарлығаш Бекниязова, Ерболат Омарбеков, Рысбала Мұсаева, Болат Ноғаев, Қанатбек Әлімбаев, Шымкентбай Сыздықовтар «Байбарақ» каналының бас жағын қазу, ауылдағы медициналық тіректің жұмысы, ауыл тазалығы, қаңғыбас иттердің көптігі, ауылда шағын футбол алаңын салу, көше жарығы төңірегінде сан түрлі сауалдарын қойып, округ әкімі және тиісті мамандардан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар алды.

Кездесу соңында округ әкімі М.Тілеужановтың 2019 жылы атқарған жұмысына ауыл тұрғындары оң бағаларын берді.

Уалихан ЖАЙЛАУ

Leave A Reply

Your email address will not be published.