Өткен аптада Кәсіподақ қызметкерлерінің күніне орай облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі барлық салалық кәсіподақ жетекшілері мен қызметкерлерін қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
Бүгінде өңірде құрамына 120 мың адам кіретін 15 салалық кәсіподақ ұйымдары жұмыс жасайды. Олар жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы өзара түсіністікті қалыптастырып, еңбек өнімділігін арттыруда аянып қалған емес. Басқосу кезінде кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қызметкерлерінің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді сөз етті. Мәселен, «Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы» аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген өңірдегі мейрамхана қызметкерлерімен еңбек шарты жасалмауына алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Ал, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұстаздарды түрлі қоғамдық жұмыстарға тарту оқиғаларының жиі орын алатындығын тілге тиек етті.
– Ұстаздарды көктем, күз айларында сенбіліктерге жұмылдыру басталады. Әрине, қоғамға пайдалы еңбек етуден педагогтар бас тартпайды. Дегенмен, бұл олардың негізгі жұмыстарын сапалы орындауға кедергі келдіруде. Осы мәселені шешуде көршілес облыстардың тәжірибесін атап өткім келеді. Мысалы, Қарағанды облысында мұғалімдерді ұрпақ тәрбиесінен бөлек жұмысқа тартуға тыйым салатын арнайы қаулы қабылданған. Сондай-ақ, педагог қауым үшін іссапар шығындарына уақытылы қол жеткізу де қиынға соғуда. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуге байланысты арнайы курстарға тартылған мұғалімдердің шығындары дер шағында өтелмей отыр, – деді Е.Мағзымбеков.
Сол секілді «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Шахтыбай Байғанов ауыр әрі зиянды қызмет атқаратын химия өнеркәсібі қызметкерлерін зейнетке ерте жастан шығару мәселесін көтерді.
Кездесу соңында өңір басшысы жергілікті биліктің кәсіподақ ұйымдарына қолдау білдіріп, түйткілдердің түйінін тарқатуға мүдделі екендігін айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі А.Мырзахметов бір топ кәсіподақ белсенділерін марапаттады.
Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ