Бүгін Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтті. Депутаттар Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалатын Ақтоты Райымқұлованың кандидатурасын қолдады.
Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес Комитет отырысында қаралды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша кандидатты Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев таныстырды.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері А. Райымқұловаға бірқатар сұрақтар қойды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті отырысының қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ұсынған Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың кандидатурасы Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынылды. Отырыс соңында депутаттар кандидатқа алдағы жұмысында табыс тіледі.