Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін түзеу, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында маңызды міндеттер жүктелген болатын. Бүгінде бұл бағытта аймақта қандай жұмыстар атқарылуда? Апта басында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында осы мәселе кеңінен талқыланды.
Халықтың басым бөлігінің басты мәселесі баспана екендігі белгілі. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған Үндеуінде «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған еді. Алайда, бұл бағдарламамен үй алуға ниет білдірушілер біздің өңірде аз көрінеді.
–«7-20-25» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктерге 125,7 миллион теңгеге 11 өтініш түсіп, 69,9 миллион теңгеге 7 өтініш бойынша несие берілді. Қосымша 720 пәтерлі 9 көпқабатты кредиттік тұрғын үй құрылысына 725,6 миллион теңге бағалы қағаздарды шығаруға бөлінді. Осы үйлердің жалпы құны 1 шаршы метрін 140 мың теңгеден есептеген жағдайда, 5,6 миллион теңгені құрайды. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының облыстық филиалы биыл 15-ықшамауданнан тапсыратын 800 пәтер мен «Арай» алқабында өткен жылы берілген тұрғын үйдің сатылмаған 143 пәтері өткерілген жағдайда бюджетке 6402,0 миллион теңге түседі. Қалған 800 миллион теңгеге 11 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын бастауға болады. Алайда, келесі жылы тапсырылатын 720 пәтер сатылғанға дейін 11 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын қарқынды жүргізу үшін қосымша 1,5-2 миллиард теңге қажет, – деді облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрбол Қалдыбаев.
Нұрбол Бекежанұлының айтуынша, өңірімізде 8 айдың ішінде 311,2 мың шаршы метр баспана қолданысқа тапсырылыпты.
Ал, жиында банк басшылары «7-20-25» бағдарламасына қатысуға тұрғындар тарапынан белсенділік байқалмауының себебін ақпараттық түсіндіру жұмыстарының төмендігімен байланыстырды. Түптеп келгенде қалың жұрттың қуанышын еселеп, қоныстой санын арттыру – ортақ міндет. Сондықтан да өңір басшысы жауапты тұлғаларға бағдарламаның тиімділігін көпшілікке кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қ.Рахметуллина