36 университет педагог дайындау құқығынан айырылды

295

Өткен жылдан бастап педагогикалық мамандықтар бойынша ЖОО тәмамдаған түлектер Білім және ғылым министрлігі енгізген тәуелсіз тестілеу арқылы іріктелгеннен кейін ғана білім ошақтарына жіберіле бастады. Шараның нәтижелері жайлы министр Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында жазды.

Министр міндетті тестілеу кезінде дайындығы нашар екенін көрсеткен үміткерлер қолында дипломы болса да, мұғалім болып жұмысқа орналаса алмайтынын атап өтті.

«Балалармен жұмыс істей білу өте маңызды және жауапты міндет болғандықтан, алдымен тәуелсіз тестілеуден өту керек. Мұндай сыртқы емтиханды 2021 жылы шамамен 40 мың түлек тапсырды. Олардың ішінде шекті балл жинағандар ғана мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Енгізілген бұл жаңашылдық жоғары оқу орындары жұмысының сапасын да көрсетті. 36 университет осы мамандық бойынша дайындау бойынша лицензиясынан айырылды», — деп еске алды ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол былтыр Президенттің қолдауының арқасында жоғары оқу орындарындағы мұғалімдердің айлығы да көтерілгенін айтады.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жоғары оқу орындарының оқытушыларына қолданылмауына байланысты олардың жалақысы көтерілмеді. Сол себепті министрлікке бағынышты ЖОО-ларда 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын көтеру туралы арнайы бұйрық қабылдадық. Қатардағы оқытушылар үшін ең төменгі жалақы 200 мың теңгені, ал профессорлар үшін – 350-400 мың теңгені құрайды. Бұл ретте 1 ставканың максималды көлемі жылына 680 сағаттан аспауы тиіс. Мұндай мүмкіндік Президенттің қолдауының арқасында және 2011 жылдан бастап алғаш рет осындай көлемде грант құнын арттырудың нәтижесінде пайда болды», -деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Ulysmedia.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.