1 мамыр мерекесіне орай 60 қаратаулық отбасы пәтер кілтін алды

397

Бүгін Қаратау қаласында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесіне орай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңғыртудан өткен 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйпайдалануға берілді. Қаладағы №5 шағын ауданында орын тепкен аталмыш №55 үйге қайта жаңғырту жұмыстарын тараздық мердігер  «Темір-Байлық» ЖШС-і жүргізген. Жоба құны 228 млн. 450 мың теңгені құраған. Нысан өткен жылдың 6 маусымда пайдалануға қабылданып, инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілген.

Мереке қарсаңында пайдалануға берілген бұл арендалық тұрғын үйде екі бөлмелі — 10, үш бөлмелі — 30, төрт бөлмелі — 20 пәтер бар. Аталған  тұрғын үйге қоныс аударатын адамдардың тізімі аудандық тұрғын үй комиссиясы тарапынан жасақталған.

Пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйден пәтер алған 60 отбасының 40-ы әлеуметтік аз қамтылғандар тобына жатады.  Оның ішінде көпбалалы 17, толық емес 15, мүгедек бала асыраушы 2 отбасы бар. Сондай-ақ, 1 мүгедек және 5 оралман отбасы пәтер кілтін иеленді. Қалған 20 пәтер мемлекеттік бюджеттік қызметкерлері мен қызметтік пәтер иеленушілерге тиесілі.

Айта кетейік, Талас ауданы бойынша  2018-2019 жылдары барлығы  440 пәтерді құрайтын 6 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланса, бүгінде оның 4-і (290 пәтер)  пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы тағы да 2 тұрғын үй (барлығы 150 пәтер) пайдалануға берілмек. Бұл өз кезегінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 143 әлеуметтік аз қамтылған отбасыны баспанамен қамтуға бағытталмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.