ЖУРНАЛИСТИКА – ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН ҚУАТТЫ ҚАРУ

1 036

Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге басымдық беріліп жатқан бүгінгі қоғамда баспасөз қызметінің атқарар жұмысы аз емес. Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты нығайтуда, ресми сайт пен әлеуметтік желілердегі парақшалардың жұмысын жандандыруда, жедел мәлімет таратуда біліктілік те, білімділік те, белсенділік те маңызды рөл атқарады. Баспасөз хатшыларының бұдан өзге де шаруалары шаш-етектен. Кәсіби мерекеге орай облыс әкімінің баспасөз хатшысы Біржан Сөктаймен сұхбаттаса отырып, біз осыған тағы бір мәрте көз жеткізе түскендей болдық.

– Біржан Сартбекұлы, облыс әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалғаныңызға жарты жыл­ға жуықтады. Әрине, бұл көп те уақыт емес. Дейтұрғанмен, осы мерзім аралығында нендей шаруаларды қолға алып үлгердіңіз?

– Алдымен барша әріптестер қауымын бүгінгі Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Өзіңіз айтқандай, менің Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалғаныма жарты жылдай болыпты.
Осы уақыт аралығында аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз орталығы құрылып, өз жұмысын бастады. Онда облыста атқарылып жатқан маңызды жұмыстар бойынша баспасөз мәслихаттары тұрақты түрде өтіп келеді. Бүгінгі күнге дейін облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов және тағы да басқа спикерлер қонақ болып, БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп үлгерді. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауларында, 5 әлеуметтік бастамасында жүктеген міндеттердің, жалпы, мемлекеттік бағдарламалардың Жамбыл облысында үздіксіз жүзеге асып жатқандығы республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып, көрініс табуда.

Сонымен қатар, күнделікті республикалық «Хабар 24» арнасының жүгіртпе жолына Жамбыл облысы туралы жаңалықтар мемлекеттік және ресми тілдерде шығуда. Яғни, республиканың түкпір-түкпіріндегі тұрғындар аймақтың әр саласы бойынша қарышты дамып жатқанын көгілдір экраннан көріп отыр. Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Оның барлығы қалың көпшіліктің көз алдында деп ойлаймын.

– Жалпы, технология күн санап қарыштап дамып жатқан кезеңде журналистердің де жаңашылдыққа бейім болуы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Сіздіңше, жамбылдық журналистер жаңашылдықты бойына қаншалықты сіңіре алып жүр?!

– Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырды ақпараттандырудың озық дамыған кезеңі деп атап көрсеткені белгілі. Жедел даму дағдыға айналған тұста бәсекелестік бой көрсететіні белгілі. Оған бір ғана мысал, бүгінгі күні облысымызда жергілікті 8 ақпараттық агенттік халыққа жаңалық таратуда. 2016 жылы ол біреу ғана-тұғын. Бұрындары жаңалықтарды баспа басылымдарынан оқып, санаулы телеарналардан ғана көретін болсақ, бүгінде бір ғана минуттың ішінде ақпараттық агенттіктерден, порталдардан және әлеуметтік желілерден біле алатын болдық. Міне, осынау жаңашылдықты жамбылдық журналистер де жақсы меңгерді деген пікірдемін.

Жаңашылдық демекші, өз басым жұмыс жолымды телевизия саласында бастағандықтан, бүгінде бір нәрсеге қуанам. Бұрындары аудан жаңалықтарын жалпақ жұртқа тарату үшін жүздеген шақырымды артқа тастап жүріп, сол күні эфирге ақпарат беріп үлгере алмайтынбыз. Бүгінде көптеген аудандарда меншікті тілшілер жұмыс жасауда. Бұл әрбір жаңалық күнделікті халыққа тарауда деген сөз.

– Қазіргі таңда облыс әкімдігінің басқар­ма­ларында, аудан әкімдіктерінде баспасөз хатшылары жұмыс жасайды. Мұндай бастама қандай қажеттіліктен туындады?

– Өте маңызды сұрақ. Өзіңіз білетіндей, «ашық қоғам» деген ұғым бар. Мемлекеттің ішкі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жүйелерінің деңгейін халықтың білу ұғымы. Алдымен, қарапайым халық атқарушы биліктің атқарып жатқан жұмыстарын қайдан білуі мүмкін деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдары өте маңызды рөл атқарады. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері атқарушы биліктің жасаған жұмыстарын қайдан біледі? Міне, сіздің жоғарыда қойған сұрағыңыздың жауабы осы жерде көрініс табады. Баспасөз хатшыларын барлық аудандар мен басқармаларда бекітуіміздің негізгі себебі осы.

Жарты жыл бұрын облыс әкімдігіне қарасты тек денсаулық сақтау басқармасында ғана баспасөз хатшысы жұмыс жасайтын. Ал, қалған он аудан мен 21 басқармада БАҚ-пен жұмыс жасайтын маман қарастырылмаған еді. Міне, сондықтан да аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен қала және аудандарға, сондай-ақ, салалық басқармаларға баспасөз хатшысын бекіту туралы хат жолдаған болатынбыз. Бүгінде, жеті ауданда жұртшылықпен байланыс жасайтын баспасөз хатшылары іске кірісіп кетсе, Шу, Мойынқұм және Қордай аудандарында алдағы уақытта бекітілетін болады. Өз кезегінде облыс әкімдігіне қарасты барлық салалық басқармаларда БАҚ-қа жауапты мамандар жұмыс жасауда.

– Дұрыс-ақ. Дегенмен, аудан әкімдіктерінің, басқармалардың жұмысын көрсету мақсатында ашылған ресми сайттарға байланысты көп сын айтылады. Бұл мәселенің көтеріліп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жүйелі әрі тұрақты түрде істемейтін сайттардың жұмысын неге бір қалыпқа түсірмеске?

– Ресми сайттарды бір қалыпқа келтіру бойынша тиісті жұмыстарды бастап кеттік. Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 16-бабы интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру мәселесіне арналған.

Осы Заңды негізге ала отырып, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің, облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың интернет-ресурстарын ақпараттық толықтыру қағидалары бойынша Ережені аймақ басшысы Асқар Мырзахметовпен бекітіп, тиісті мекемелерге жолдадық. Ол Ереже 15 тармақтан құралып, 64 бөлініске бөлінді. Алдағы уақытта қала және аудан әкімдіктері, салалық басқармалар сол Ереже бойынша интернет-ресурстарын өзгертетін болады. Интернет-ресурсты өзгерту көзге көрінбейтін көп жұмыстан тұратындықтан, әзірге түсіністікпен қарасаңыздар дұрыс болар еді. Дегенмен, барлығы бір жүйеге келеді деген ойдамын.

– Сізді кезінде айтыскер ретінде талай сөз додасында топ жарғаныңызды біреу білсе, біреу білмес. Айтыңызшы айтыс өнерінен мүлдем қол үзіп кетуіңізге не себеп болды?

– Айтыс өнерінен мүлдем қол үзіп кеттім деп ойламаймын. Айтыс деген атадан қалған арда өнер болғандықтан, қанымда әлі бүлкілдеп тұрады. Тек сахнаға шықпағаным болмаса. Тәңірім тағдыр жолыма талай жауапты қызметті бұйыртқандықтан, аздап қол үзуіме тура келді. Мен бұл шешімді саналы түрде қабылдадым. Алайда, азулы айтыс ақындарымен, өз буыныммен, кіші толқынмен араластығым үзілмек емес. Бос уақытымда айтыс қарап, адым жерде болып жатса барып, тамашалауға тырысам.

– Бүгінге дейін бірқатар республикалық басылымдарда, телеарналарда қызмет атқарып, аз тәжірибе жинаған жоқсыз. Кейде мемлекеттік қызметті тастап, қайта журналистикаға келу туралы ойлар мазаламай ма?

– Осы уақытқа дейін Алматы, Атырау, Ақмола облыстарында әртүрлі жауапты қызметтерде болдым. Енді міне, араға он жыл салып, туған жеріме мемлекеттік қызметші болып оралдым. Әр жұмыстың өз қиындығы мен қуанышы болатыны белгілі ғой. Мойныма жауапкершілік жүгі түскен уақытта, қолтығымнан демеп, оң көзбен қараған жергілікті журналистерге, БАҚ саласындағы әріптестеріме алғыс айтамын. Алдағы уақытта да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жүйелі жұмыс жасаймыз деген ойдамын. Байтақ республикаға жайсаң Жамбыл жерінің жағымды жаңалықтарын жеткізіп отырсақ, одан асқан шаттық та жоқ шығар, сірә.

– Сөз соңында барша әріп­тес­тері­ңізге Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай ізгі тілегіңізді арнасаңыз.

– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, журналистика – қоғамдық пікір қалыптастыратын қуатты қару. Өздеріңіз білетіндей, атқарушы биліктің де, баспасөздің де мақсаты бір. Ол – еліміздің бүгіні мен кемел келешегі үшін белсене қызмет ету. Журналистер қауымына мамандыққа адалдықтары үшін, еселі еңбектері үшін алғысымды білдіремін.

Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуын халыққа жан-жақты, жоғары біліктілікпен таныстыра беріңіздер деген тілектемін.
Сіздерді тағы да шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, ел игілігін еселеу жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыстар тілеймін. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мұратхан ӘЛІМХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.