Жуалылық жастар сауапты іске ұйытқы болды

424

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының халық рухының тағы да бір дүр сілкінуіне, сонымен бірге төл тарихымызды түгендеп, абыройымызды асқақтатуға қосып отырған үлесі зор. Онда: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», — делінген. Одан бөлек, аталған мақалада атқа міну мәдениеті туралы кеңінен айтылғаны белгілі. «Ат – ер қанаты» деп ұғынатын қазақ халқының дүниетанымы мен тұрмыс салтында, күнделікті шаруашылық өмірінде жылқының алар орны зор. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны айтылған. Оған тарихи дәлелдер жеткілікті. Қазақ пен жылқының жақындығы жөнінде көптеп айтылатыны да сондықтан.

Шын мәнінде ұлт тарихы мен ұлттың болашағы халқымыздың қара шаңырағы саналатын ауылдан бастау алатыны белгілі. Ауылдарда осынау салтымыз бен дәстүрлеріміздің салтанат құруы ұлттың болашағына да тікелей әсер етеді. Ал бүгінде ауылдық жерлерде рухымызды қайта түлетіп жатқан ұлттық іс-шараларға жиі-жиі куә болып келеміз. Бұл – бір өңірде ғана іске асырылып отырған шаруа емес, керісінше, оның ұлттық сипатқа ие болып отырғаны көңіл қуантады.

Тәуелсіздік біздің елге көптеген игіліктерді берді. Бір сөзбен айтқанда, төл тәуелсіздіктің рухындағы осы жылдар аралығында «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанды». Тарихымыз қайта түлеп, елдігімізді әлемге жаңаша қырынан танытуға мол мүмкіндік алдық. Ауыл-ауылдарда ата-баба рухын ұлықтаған жиындар көбейіп келеді. Бұл – біздің елдігіміз бен ұлттық ерлігіміз саналады.

Осындай іс-шараның бірі жақында Көкбастау ауылдық округінде болды. Дәлірек айтқанда, «ауылы аралас, қойы қоралас» болып, қатар орналасқан Көктөбе мен Қосбөлтек ауылдарының 1980-1998 жылдары аралығында туған ауыл азаматтары қаржы жинап, ата-бабаларының, сонымен бірге бақилық болған бауырларының, құрбы-құрдастарының рухын ұлықтап құдайы тамақ таратты. Онда ауылдық ескі мешіттің ауласына дастархан жайылып, әруақтарға бағышталып Құран оқылды. Сауапты іске куә болған әрі жастардың ауызбіршілігіне сүйсінген қариялар ақ баталарын беріп, болашақта да осындай игілікті істің жалғасын табуына шын жүректен тілектестігін білдірді.

Көктөбе ауылында аула саны 168 болса, Қосбөлтекте 116. Тиісінше, екі ауыл тұрғындарының саны 1773 адамды құрап отыр. Сауапты іс мұнымен ғана шектелген жоқ. Кейде осындай жақсы-қайырымды істердің жалғасып кете беретіні бар. Ауыл жастары ұлттық спортымыз – көкпардан да жарыс өткізуді де ұйғарған екен. Сонымен жиналған жұртшылық құдайы тамақтан соң ауыл сыртындағы көкпар алаңына қарай ағылды.

Сауапты істің басы-қасында жүрген азаматтардың айтуы бойынша, 200 мың теңге тек қана көкпардың салымына тігілген. Ат ойындары десе, әсіресе, бәйге, көкпар дегенде қаны қызып, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар?! Бұл көкпарға да ауданға қарасты алыс ауылдардан шабандоздар ат терлетіп келген екен. Көкпаршылар арысы Ақтасты ауылынан, бері қарай Көлтоған, Күреңбел, Қарасаз, Ақбастау, Көлбастау, Түктібай, Сұрым, Б.Момышұлы ауылдарынан келіпті. Олардың арасында ауданға, облысқа белгілі Нұржігіт Әбдірақов, Мұрат Әтеев, Мұхамеджан Сәрсенбаев сынды шабандоздардың бар екенін айтуға тиіспіз. Білекті де жүректі жігіттердің ойыны саналатын бұл додаға жерлесіміз, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Әбілхан Аманқұлдың да келіп қатысқаны ауыл тұрғындарының мерейін бір өсіріп тастады.

Дала төсін дүбірге бөлеген көкпар бәсекесі түс ауа басталып, қас қарайғанша жалғасты. Осында болатын дүбірді естіп ауылдардан келген сайдың тасындай жігіттер көкпар бәсекесін барынша қыздырып, қызықтыра түсті. Көкпар ойыны басталар тұста оған тартылатын серкені бауыздамас бұрын ауыл қариясы Ақылбек Бейсенбаев бата беріп, жиналғандарға жақсы тілегін арнады. Көкпар бәсекесі ә-дегеннен-ақ қызып сала берді. Доданың аты – дода. Мұнда тек мықты жігіттер ғана серкені қалың доданың арасынан алып шыға алмақ.

Көкпарды білекті де жүректі жігіттердің ойыны дейтініміз сондықтан. Осынау көкпар бәсекесінде Нұржігіт Әбдірақов, Мұрат Әтеев, Әбілхан Аманқұл, Нұргелді Базарбекұлы сынды құрыш білекті балуан жігіттердің айы оңынан туып, олар өз кезегінде бірқатар салымға қол жеткізді. Одан басқа да шабандоздар ат дүбірлетіп, көкпар бәсекесін қыздыра түсті. Салым салған көкпаршыларға арнайы белгіленген салымдар беріліп жатты. Айта кету керек, көкпар барысында өз ата-бабаларының әруағына атап, салым тіккен ауыл азаматтарының қарасы мол болды. Мұны тірілердің әруақтарға жасаған құрметі деп білген жөн сияқты.

«Өлі ырза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар халқымызда. Ауыл азаматтарының ақылдаса келіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы көпті көрген аға буынды бек қуантатыны белгілі. Көкпар ойынының барысында ауылдың аға буыны саналатын азаматтары Байұзақ Серкебаев, Нышанхан Сапиров, Айтбай Башаров және Ақбастау ауылынан арнайы келген Ақан қария ұлттық болмысымыз жөнінде, ауызбіршілік пен ынтымақ жөнінде көшелі пікірлерін айтып, жастарға деген жылы тілектерін жеткізді. Ежелден еншісі бөлінбеген Көктөбе мен Қосбөлтек ауылдарының жастары бірлесіп ұйытқы болған сауапты істің барысына өзіміз барып қатысып, көз жеткізген соң игілікті істің барысы туралы бірқатар кісілермен сөйлестік. Ауылдың имамы Алғабек Сүгірбеков ауылдың тыныс-тіршілігі мен имандылық тәрбиесі жөнінде айтып берді.

— Мен Қосбөлтек пен Көктөбе ауылдарында 2000-шы жылдан бері имам болып жұмыс істеп келемін. Аллаға шүкір деп айтуымыз керек, бұл екі ауылдың ынтымақ-бірлігі өте жақсы. Қандай да бір көпшілік жұмыстарға біркісідей жұмылып, ауызбіршілік танытып келеді. Соның бірі ретінде жастардың ата-бабалары мен бауырларының рухына арнап беріп жатқан бүгінгі сауапты ісін айтуға болады. Одан бөлек, биылғы жылы Алла нәсіп етіп, Көктөбе мен Қосбөлтек ауылдарының орта тұсында зәулім мешіт бой көтеріп отыр. Бұл тірлікті басында жекелеген кәсіпкер азаматтар бастап, кейіннен ауыл тұрғындары да қаржылай қолдау көрсетті. 100 орынға арналған Алла үйінің ауласында құдайы тамақ тарататын асхана, дәретхана, тағы да басқа қосалқы жайлар салынды. Бұйырса, мешіт құрылысы осы жылдың соңына дейін толықтай аяқталып қалады деп күтіп отырмыз. «Жалғыз ағаш орман болмас» демекші, ауылдағы қандай да бір сауапты істер көпшіліктің жұмылып жұмыс істеуімен атқарылып жатыр деуге әбден болады. Жақсы істер жалғасын таба берсін. Жастарымыздың қолға алып отырған істеріне Алла береке беріп, отбасылары аман болсын,- дейді Алғабек Тұрдалыұлы.

Ауыл имамының бұл пікірін Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев та қуаттап отыр. Оның айтуынша, көпшіліктің бастамаларына ауыл әкімшілігі тарапынан да көмек-қолдаулар жасалып отырады екен. Лайым болашақта да солай болуына біз де тілек қостық.

Иә, сәті түскен осы күні ата-баба рухы тағы бір аунап түскен де болар. Өйткені, бұл күні Құран оқылып, ақсақалдар тарапынан ақ баталар берілді. Асылында, «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» деген осы болар. Біз де бұл ауылдан осындай ақ ниетпен, асыл тілекпен аттандық…

P.S: Бұдан бөлек, қос ауылдың жастары тағы да игілікті істі қолға алып жатқаны туралы естідік. Жастар жағы бұл жолы Көктөбе ауылының оңтүстік-батысындағы бейітке қоршау жұмыстарын жүргізбекші екен. Аядай екі ауылдағы жастардың сауапты ісіне сәттілік тілейміз ендеше!

Нұржан Дербісәлиев,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.