Жемқорлықтың алдын алу жолдарын талқылады

19

Қазіргі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қызып тұрғаны белгілі. Жасыратыны жоқ, келеңсіз жағдай орын алып жатса, оның мемлекеттің дамуына кедергі келтіргенімен қоймай, үкімет пен билікке, тіпті бір-бірімізге деген сенімсіздікті тудыратыны сөзсіз. Сондықтан жемқорлықпен күресті барлығымыз бірлесе, яғни жалпыға ортақ міндет деп қабылдағанымыз жөн.

Осыған орай Қылмыстық атқару жүйесі Жамбыл облысы бойынша департаментінің ЖД-158/2 мекемесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жиын өтті. Басқосуға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Дәурен Омаров, департамент жанындағы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Нұрлан Сұлтанмұрат пен департаменттің баспасөз хатшысы Назима Жувандикова арнайы қатысты.

Келелі кездесу барысында департамент өкілдері ЖД-158/2 мекемесінің жеке құрамымен жемқорлықты болдырмау мен оның алдын алу жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, сыбайластықтың тәуелсіз мемлекеттің дамуын тежейтіні айтылды. Қоғамдағы жегі құртпен барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, қарапайым халықтың өзі күресіп, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті екені сөз болды.

Басқосуда ең басты мақсат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, тәуекелдерді айқындауға бағытталған алдын алу шараларын жасау маңыздылығы ескертілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.