«Жастарға жайбасарлық жараспайды»

33

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасын өткен аптада арнайы Жарлығымен бекітті. Осылайша ел Үкіметі «Жастар жылын» өз деңгейінде атқаруға қатысты шараларды қабылдауға кірісті. Облыс аумағында да өскелең ұрпаққа берері мол жылды лайықты өткеру жайы өзекті мәселеге айналды. Күні кеше облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен өткен «Бәсекеге қабілетті жастар – жарқын болашақ кепілі» атты өңірлік жастар форумына қатысқан 500-ге жуық делегат дәл осы түйткілдің түйінін тарқату жайын қарады. Жастардың барлық санаты келер жылға қатысты өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салған басқосу соңында кезінде мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын жасауға зор үлес қосқан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Махметғали Нұрғалиұлы, сіз кезінде Білім және ғылым министрінің орынбасары ретінде «2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының Тұжырымдамасын» және оның негізінде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңды әзірлеген жұмыс тобын басқардыңыз. Өзіңізге мәлім, өткен аптада Елбасы келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Қалай ойлайсыз, 2019 жылы мемлекеттік жастар саясатын ұйымдастыруда қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?
– Келер жылы қолға алынуы керек жұмыстың негізгі бағытын Елбасы өз Жолдауында нақты айтты. Демек, бірінші кезекте басымдық жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруға беріледі. Мәселен, ресми статистика бойынша Қазақстанда 4,5 миллион жас бар және оның тең жартысы ұйымдастырылған жастардың санатында. Сәйкесінше, соңғы жылдары мемлекеттік жастар саясатының аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың негізгі аудиториясын жастардың осы тобы құрауда. Ал, жұмысшы жастар, ауыл жастары, жұмыссыз жүрген жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, маргиналды жастарға бағытталған шаралар саны тым аз. Нәтижесінде «Оларды қандай мәселе толғантады?», «Нендей мәселелері шешімін таппай жатыр?», «Жастардың осы санатының әлеуметтік ортасын жаңғырту үшін не істеу керек?» деген сауалдар басы ашық күйінде қалып келеді. Сондықтан, Елбасы «Жастар жылы» жастардың барлық санатын қамту қажеттігіне баса назар аударды.
– Сіздің ойыңызша, осы мәселелерді шешу үшін жастарға байланысты бір жаңа мемлекеттік бағдарлама қажет пе?
– Меніңше, ешқандай да арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет емес. Себебі, соңғы жылдары жастарға арналған «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар кадрлық резерві», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар – Отанға» сынды мемлекеттік бағдарламалар дүниеге келді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламаларының шарапатын көрген жастар көптеп саналады.
Ең әуелі мемлекеттік жастар саясатын осы әлеуметтік бағдарламалармен дұрыс ұштастыру қажет. Сонда ғана мемлекеттік жастар саясаты жастардың барлық санатын қамтиды. Ендігі кезде жастармен тікелей жұмыс істеуші мекемелер жастарға арналған «Әлеуметтік лифтілерді» қалай құру, оларды іске асыру механизмін ойластыруға күш салғаны абзал.
– Нарықтық экономика заманында жастар кәсіпкерлігі деген ұғым пайда болды. Осы орайда, жастарды кәсіпкерлікке үйрету қажеттілігі туып отыр. Бұл үрдіске деген көзқарасыңыз қандай?
– Бұл өте маңызды мәселе. Мен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жанындағы бизнесті қолдаудың байқау комиссиясын басқарып келемін. Комиссияның шешімі бойынша облыс кәсіпкерлеріне «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттік гранттар бөлінеді. Байқағаным, байқауға қатысушылардың көбінде кәсіпкерлік мәдениеті өте төмен. Өз жобаларының нарықтағы жаңашылдығын, бизнес-идеясының өзектілігін, бәсекелестікке төтеп беру қабілетін, қосымша жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға қосатын үлесін нақты айта алмайды. Сондықтан да, біз бүгінгі жастарымызды мектеп, колледж, университет қабырғасынан бастап шағын және орта бизнеспен айналысуға дайындауымыз қажет. Осы мақсатта М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде инновация және кәсіпкерлікті дамыту орталығы құрылды. Орталық техникалық мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттерге негізгі мамандықты игеруден бөлек, шағын және орта бизнеспен айналысудың қыр-сырын үйретеді. Шағын және орта бизнестегі дамыту туралы айтқан кезде біз тек экономикалық мамандықтарға ғана қатысты деп ойлаймыз. Алайда, бүгінгі еңбек нарығында кәсіпкерлік негіздерін түсінетін экономистерден бұрын бизнеске бейімі бар инженерлерді дайындау мәселесі туындауда.
– Сіз жетекшілік ететін оқу ордасында жастардың мәселелерін зерттейтін арнайы ғылыми орталық жұмыс жасайтынын білеміз. Қазіргі таңда орталықта қандай жұмыс атқарылуда?
– Бұл орталық облыс әкімінің қолдауымен ашылды. Орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жобаларды орындайды. Соңғы жылдары жастардың барлық санатына байланысты нақты сараптамалық анықтамалар мен әдістемелік нұсқаулар жасалды. Анықталған мәселелерді шешу үшін қосымша қаражат көздері және осы жұмысты реттейтін нормативтік құжаттар қажет болып тұр. «Жастар жылы» аясында осы мәселелер өз шешімін табады деп ойлаймыз.
– Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының авторы ретінде салада атқарылып отырған жұмысқа көңіліңіз толады ма?
– Соңғы жылдары жастар саясатында көптеген оңды өзгерістер орын алды. Жастар өз ана тілінде оқуға, ұлттық білім мен тәлім-тәрбиемен сусындауға мүмкіндік алды. Біз де жас болдық. Өкінішке қарай, ол кезде қазақ жастарына «жалтақтау психологиясы» тән болды. Біздің санамызда «басқа ұлттардың алдына шықпа, не болса да көпшілікпен бірге көреміз» деген түсінік түпкілікті орын алды. Ал, бүгінгі жастарымыз Елбасының қамқорлық жасауымен мұндай «жалтақтау психологиясынан» түбегейлі арылды. Бүгінгі буын алғыр және өз келешегіне үлкен үмітпен қарайды. Бұл жолда олар Ұлт көшбасшысына зор сенім артады.
Жасыратыны жоқ, жастар саясатын ұйымдастыруда кейбір кемшіліктерге жол берілуде. Ең әуелі жастардың әр санатына арналған адрестік тәсілдерді пайдалануға басымдық беру керек. Жастар саясатын бір күндік акциялар мен шулы пиар-кампанияларға айналдырудан бойды аулақ салғанымыз абзал.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда күнделікті, жүйелі және кешенді негізде нақты жұмыстар ауадай қажет. Бұл орайда, жастарға арналған бірмезеттік шараларды мейлінше қысқарту керек деп ойлаймын.
«Отан отбасынан басталады» дейді дана қазақ. Өкінішке қарай, ресми статистика Қазақстандағы әр үшінші отбасында ажырасу орын алатындығын растайды. Яғни, бізге бірінші кезекте жас отбасылардың әлеуметтік әлеуетін дамыту, отбасылық құндылықтарды жастар арасында насихаттауды да ұмыт қалдыруға болмайды. Елбасы Жолдауында да жас отбасылар институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналуға тиіс екендігін атап өтті.
– Әңгімеңізге рақмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.