Жамбылдық жас маманның жобасы жоғары баға алды

561

Оралда «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы компаниясы «Жастар инновациясы – Қазақстан Республикасының газ саласын әлеуетті дамыту» атты II жастар слетін өткізді. Басқосуда Жастар кеңесінің тұсауы кесіліп, келешекте өндіріске енуі мүмкін озық идеялар сайысының жеңімпаздары анықталды.

Алдын ала іріктеу турына жас қызметкерлердің авторлық идеялары болып табылатын 65 жоба түскен. Олардың арасынан іріктелген 15 баяндама беделді сарапшылардан құралған комиссияның талқысына ұсынылды. Үміткерлер таныстырған жобалар газды тасымалдау, энергия үнемдеу, робототехника, автоматтандыру және цифрландыру сынды салаларды қамтиды.

Руслан Бозбаев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ өндіріс  департаментінің директоры:

Қазіргі таңда «Интергаз Орталық Азия» АҚ-да 7 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Оның ішінен 32%-ы жастар болып саналады. Бүгінгі шарамыздың мақсаты – жастардың авторлық, инновациялық идеяларын жарыққа шығарып, өндіріске енгізу.

Жаңашыл жобалар жоқ емес, бар. Мәселен экономикалық өнімділігі жоғары әрі цифрлы радиография қолданылатын инновациялық жоба авторы оралдық Александр Самарцев бірінші орынды иеленді. Ал Жамбыл облысынан келген Азамат Төркенбаев байқаудың «Көрермен көзайымы» аталымына лайық деп танылды.

Азамат Төркенбаев, «Ақыртөбе» газ сығымдау стансасының қызметкері:

Менің ойымша, осы менің жобам жоғары деңгейде шықты. Менің негізгі жобамның мақсаты – ол скада жүйе арқылы мобильдік қосымшаға ақпарат жіберу. Бүгінгідей сайыстар бізге керек, себебі жастарда ұмытылыс мақсат пайда болады, егер жас адам, жас маман мақсатсыз болса осындай деңгейге жете ме екен?

Озық идеяларды ортаға салған жас мамандар табиғат аясында тынығуға да уақыт тапты. Үздік деп танылған инновациялық жобалар келешекте «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ғылыми-техникалық кеңесіне ұсынылады. Ал кеңес мақұлдаған жағдайда нақты өндірістік қызметке тәжірибелік енгізу жөнінде ұсыныс берілмек.

24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.