Жамбылдық бағбандар жемістерін нарыққа шығара алмай отыр

483

Жамбыл облысының бағбандары өсірген жемістері ысырап болатынына алаңдаулы.

Олар жыл бойы күтіп, баптаған алмаларын өзге ірі қалалардың нарығына шығара алмай отыр. Сондықтан жергілікті шаруалар ысырапқа ұрынбаудың әдісін тауып, іске кірісті. Мәселен, Жуалы ауданындағы шаруашылық алмадан қақ жасап, жаңа технологияны кеңінен меңгере бастады.

Жуалылық Бесбай бағбанның 50 гектар алма бағы бар. Ала жаздай күтіп баптаған мәуелі талдары жемісін төгіп тұр. Алайда жинаған алманы Астана, Алматы сияқты сұраныс жоғары шаһарлардың нарығына өткізе алмай отыр. Айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған жәрмеңкелерде орын жоқ. Қазір өсірген жемістері бақта жатып шіріп кете ме деп алаңдаулы.

– Алма мен алмұртты халыққа төмен бағамен сатсақ деген ойымыз бар. Астанаға барғанда көрдім, нашар алмалар 500-600 теңгеден сатылып жатыр. Иісі де жоқ. Жамбылда өсірген алманы 250 теңгеден сатсақ, бізге де тиімді болар еді, – дейді бағбан Бесбай Қансейітұлы.

Бағбандар жеміс текке бүлінбесін деп, пайда табудың өзге жолын ойластырған. Олар алманы кесіп, кептіретін құрылғы жасап шығарды. Шаруаның айтуынша, қазір бұл қарапайым жабдықтың көмегімен жұмыс күшін де үнемдеп жатырмыз дейді. Бұл жиырма адам істейтін жұмысты өзі-ақ тындырады. Бағбан бұл құрылғы жоқ кезде 10 адам, 15 адам жалдап отырғызатынын айтады.

Өңірде былтырғы жылы 20 мың тоннадай алма жинап алынып, ішкі нарыққа шығарылған. Ал тұтынушылардың жылдық сұранысы – жан басына шаққанда 13 келі  алма. Қалған алма өнімі жақын маңдағы қалаларға жол тартуы тиіс. «Бірақ сатылымға жетпей қалған алманы шашау шығармай жинап, кептіріп өткізу әдісін қолға алу маңызды», – дейді мамандар.

– Алманы қақ ретінде кептіріп, Ресей мемлекетіне экспорттауға болады. Енді Жамбыл облысында жабдықтар алып, жұмыс жасау керек, өйткені жылдан жылға алманың негізгі көлемі өсіп келе жатыр. Оның өнімі жоғарылаған сайын өңдеу бағытындағы саланы да дамыту керек, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев.

Жамбыл облысында 200-ден астам шаруашылық алма өсірумен айналысады. Бұл қожалықтар өңірге қажетті сұранысты 100 пайызға орындап отыр. Жыл сайын алма бақтарының да көлемі артуда. Биылғы жылы оның көлемі 2500 мың гектарға жеткен.

24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.