Зейнет демалысына шығарып салды

413

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/2 мекемесінде бірнеше қызметкерді құрметті еңбек демалысына шығарып салу салтанаты өтті. Зейнеткерлік куәлік алғандардың қатарында мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Жәнібек Танатбаев, мекеме кезекшілік қызметінің мекеме бастығының кезекші көмекшісі, әділет капитаны Мейіржан Омаров, мекеме сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімінің жасақ бастығы, әділет капитаны Марғұлан Тәттімбетов пен тылдық қамтамасыз ету бөлімінің штаттан тыс еден тазалаушысы Канчакул Есдаулетова бар.

Зейнеткерлікке шыққандардың салтанатты жиынын мекеме бастығы, әділет подполковнигі Еркін Нұрбаев құттықтау сөзімен ашып, зейнеткерлерге ЖД-158/2 мекемесінде жауапты қызмет атқара отырып, Қылмыстық-атқару жүйесінің беделінің биік болуына үлес қосып, уақытпен санаспай еңбек етіп, адал жолмен бүгінгідей салтанатты күнге жетуі мекеме ұжымы үшін үлкен қуаныш екенін айтып, алғысын білдірді. Сондай-ақ, қым-қуыт, қауырт қызметті қиынсынбай, абыроймен осыншама жыл атқарған зейнеткерлеріміздің әрқайсысының еңбек жолдарына тоқталып өтті.

Жылдар бойы бірге қызмет еткен әріптестері де салтанатты жиын барысында сөз алып, зейнеткерлеріміздің қызмет барысында ерекше қасиеттерін айтып, тағылымды тәлімгер бола білгенін, білгенімен бөліскен аға буынға алғыстарын жеткізді.

Зейнеткерлер өз кезегінде ізінен өкшелеп келе жатқан жас буынға көңілдерінен шыққан жүрекжарды тілектерін айтып, мекеме ұжымына алғыстарын білдірді.

Салтанатты шара барысында зейнет демалысына шыққан мекеме қызметкерлеріне алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар табысталып, ардагерлермен естелік фотосуретке түсті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.