Қалта ұрлығымен күрес жалғасуда

347

Ағымдағы жылдың қаңтар-желтоқсан айларының аралығында қалта ұрлығының алдын алу бойынша Жамбыл облысы Полиция департаменті және Тараз қаласы Полиция басқармасы қызметкерлерінен арнайы жедел топтар құрылып, бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылды.

Жедел топтар халық көп жиналатын қоғамдық орындарда, аялдамалар мен базарларда бақылау жүргізіп, тұрғындарға өз мүліктеріне абай болу, ұрлықтан сақ болу мақсатында ескерту шараларын жасады. Маршруттық автобустарда қалта ұрлығымен айналысатын және сотталған тұлғалардың суреттері бар хабарлама қағаздар таратылып, жолаушылар мен жүргізушілерге күдіктіні көрген жағдайда хабарлауы ескертілді. Жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда қалта ұрлығының тіркелу көрсеткіші 14,6%-ға төмендеген.

Жалпы жыл басынан бері қылмыстың осы түрі бойынша 134 дерек ашылып, 36 қалта ұрлықшысы ұсталынды. Оның ішінде тек желтоқсан айының өзінде облыс орталығында 21 қылмыскердің жолы кесілді. Сондай-ақ, 107 адам жедел есепке алынды.

Облыстық полиция қызметкерлерімен қалта ұрлығы қылмыстарын ашу, жолын кесу, болдырмау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы Полиция департаменті тұрғындарға халық көп шоғырланатын орындарда өз мүліктеріне аса сақ болуды, ұялы телефон немесе басқа да құнды заттарды киімнің,сөмкенің ішкі қалтасына салып жүруді ескертеді. Хабарландыруларда жеке мәліметтері мен суреттері көрсетілген күдікті тұлғаларды қоғамдық жерлерде байқаған жағдайда «102» жедел басқару орталығына хабарлауды сұрайды.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.