Тараздық Талғат қоларбада отырып билеп, бір жарыстан үш медаль жеңіп алған

662

Тараз қаласының тұрғыны Талғат Аманбеков жуырда Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өткен ел чемпионатында екі алтын, бір қола жүлдені жеңіп алған.

Ол аталмыш бәсекеде қоларбада спорттық би билеуден чемпион атанып, жұптасып билеу бойынша да алтыннан алқа тағынған. Оның жұбы халықаралық жарыстардың жеңімпазы Наргиза Ахметова болды. Осы жарыста Талғат ерлер арасында да жалғыз билеуден қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша бір жарыстан үш жүлдені иеленген.

Талғат — облыстық №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының тұрғыны. Орталықтағы көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі. Ол кішкентай кезінен қоларбада жақсы билейді. Жұптасып арбамен билеуді Толғанай Төребек екеуі бірге бастаған. Олар екеуі жұптасып билеуден 2012 жылы Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізсе, 2013 жылы ҚР кубогының иегері атанған. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Паразиалық ойындарына қатысқан. «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығының «Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу оңай емес. Әрқайсысының мінезі, көзқарасы әртүрлі. Тағдырдың жазғанына мойымай, үмітпен алға ұмтылатындары да аз емес. Сондай қайсар азаматтың бірі — Талғат Аманбеков. Ол өзінің қиын тағдырына қарамастан өмірге деген шексіз махаббатын дәлелдеп, он екі мүшесі сау азаматтардың жете алмай жүрген асуларынан асып келе жатыр. Біз Талғатпен мақтанамыз»,- дейді аталмыш орталық директоры Райхан Сейдалиева.

Талғат жеңімпаз боп оралғанда орталықтың басшысы бастаған топ қаланың кіреберісінен қарсы алып, қуанышқа ортақтасыпты. Айта кетейік, Талғат Аманбеков 2016 жылы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған клубқа мүше болып қабылданған. Қазір «Тараз — Арена» спорт кешеніне барып, үздіксіз жаттығып жүр. Ол осыған дейін еліміздің бас қаласында жыл сайын өтетін «Астана OPEN» халықаралық турнирінде бірнеше рет жеңімпаз атанып үлгерген. 2017 жылы Атырау қаласында спорттық биден өткен ІХ халықаралық турнирде топ жарған.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.