Таразда шешімін күткен мәселелер бар

532

Өткен сенбі күні аймақ басшысы Асқар Мырзахметов облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, қордаланған мәселелер бойынша   жауапты мамандарға тиісті  тапсырмалар берді.

Асқар Исабекұлы ат басын бұрған  алғашқы нысан бұрынғы нан зауытының ғимараты болды. Төле би даңғылы мен Қарахан көшесінің қиылысындағы зауыттың жер көлемі – 0,89 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерге жалға берілген нысанға инфрақұрылым толықтай тартылған. Қазіргі таңда,  мұнда 4 құрылым бар. Ондағы кәсіпкерлердің бірі аталған аумаққа ойын-сауық орталығын салуды жоспарлап отыр екен. Тіпті, ол үшін сондағы кішігірім кафені де сатып алыпты. Кәсіпкердің қолға алып отырған жобасында  3 кинотеатр мен 2 мұз айдыны болады деп жоспарланған. Осы және өзге де іске асқалы тұрған  жұмыстарды облыс әкіміне кәсіпкер мен шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов жан-жақты айтып берді.

Аймақ басшысы бұдан кейін Бектұрғанов және Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан тарихи нысанға аялдады. Көне ғимарат қазіргі таңда жеке кәсіпкердің меншігінде екен. Іргетасы 1898 жылы қаланған нысанның  сыртқы келбеті тозған. Сол себепті, мұнда қайта жаңғырту  жұмыстарын жүргізу қажет-ақ. Облыс әкімі осы мақсатта қала әкіміне, облыс әкімдігінің туризм басқармасы мен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Олар алдағы уақытта кәсіпкерлермен бірлесе отырып, нысанды  қалпына келтіру жұмыстарын зерделеу  керек.

Облыс әкімі  мұнан соң «Галеника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен  танысты. Жұбанышев көшесіндегі №2 көпқабатты тұрғын үйдің астында орналасқан серіктестікте сүт, айран және балаларға арналған түрлі  тағамдар  дайындалады. Цех директоры Қатира Орынбайқызының айтуынша, бүгінгі күні уақыт талабына сай жұмыс істеу үшін жаңа ғимаратқа көшу қажет. Облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбековтің айтуынша, Ташкент және Байзақ батыр көшелерінің қиылысында цехтың жұмысына қолайлы ғимарат бар көрінеді. Асқар Исабекұлы жауапты басқарма басшысына тез арада бұл мәселені шешуді тапсырды.

Асқар Мырзахметов сонымен бірге «Мыңбұлақ» мөлтек ауданы №17 үйдің маңындағы құрылыс нысанын көрді. Екі көпқабатты тұрғын үй арасындағы бөлінген жер телімінде құрылысы жүріп жатқан нысанның салынуына  тұрғындар  наразылық танытуда. Олардың айтуынша, жеке кәсіпкер «Ахылтаева Р.И.» меншігіндегі нысанның құрылысы басталысымен-ақ жергілікті тұрғындардан маза кеткен. Өз кезегінде кәсіпкер тұрғызып жатқан ғимаратының талапқа сай екендігін айтады. Оның сөзінше, көпқабатты үйлердің арасында бой көтеріп жатқан ғимарат тұрғынүйлерден ара қашықтығы 6 метрден  кем емес болуы  қажет екен. Сондай-ақ,  ол тұрғын үйлердің терезесіне күн көзі кемінде тәулігіне екі сағаттан кем емес түссе, ғимарат заңды болып табылатынын алға тартты.

Бірақ, №24 үй мен  құрылысы жүріп жатқан ғимараттың алшақтығы кәсіпкер айтқан талапқа сай келмейді. Осыны аңғарған  Асқар Исабекұлы үй иелерінің  арызына байланысты жауапты мамандарға мәселені заң аясында шешуді жүктеді. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес №17 үйдің маңындағы қоқыс жәшіктері арнайы орынға көшірілетін болды.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.