Таразда кең ауқымды «Денсаулық бұрышы» акциясы өтті

11

Тараз қаласында тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және профилактикалық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ауқымды «Денсаулық бұрышы» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-тың Жамбыл облысы бойынша филиалы мен №2 қалалық емхананың бірлесуі арқылы өткізілді.

Аталған акция KORZINKA сауда орталығында өтіп, қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қолжетімді форматта ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – халыққа тегін медициналық-консультациялық көмек көрсету, аурулардың алдын алу, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау болды.

Акция барысында тұрғындар түрлі бағыттағы медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, невропатолог пен психолог мамандар тұрғындарға кәсіби кеңес беріп, денсаулыққа қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, қан қысымы мен қандағы қант деңгейі өлшеніп, алғашқы медициналық тексерулер жүргізілді.

Мамандар тарапынан әрбір келушіге жеке кеңес беріліп, денсаулық жағдайына байланысты алдын алу шаралары түсіндірілді. Бұдан бөлек, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру және аурулардың алдын алу жолдары жөнінде пайдалы ұсыныстар айтылды.

Іс-шара барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша да кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға жүйенің тиімді тұстары, медициналық қызметтерді қалай алу керектігі және сақтандыру мәртебесінің маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған акцияға шамамен 250–300 адам қатысып, өз денсаулықтарын тексертіп, қажетті кеңестер алды. Тұрғындар мұндай форматтағы ашық медициналық қабылдаулардың өте тиімді екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Шараға қатысушыларға білікті мамандар тарапынан көрсетілген көмек пен ақпарат олардың денсаулығына бейжай қарамауға, алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауға үлкен серпін бергені атап өтілді.

Ұйымдастырушылар мұндай «Денсаулық бұрышы» акциялары алдағы уақытта да жалғасын табатынын, халықтың денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізді.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға ризашылық білдіріліп, тұрғындарға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.