«Тараз» Қазақстан чемпионы атанды!

420

«Тараз» футбол орталығының 2000 жылы туған жасөспірімдер командасы шешуші ойында «Академия Қайраттағы» құрдастарын 1:0 есебімен тізе бүктіріп, еліміздің чемпиондары атанды.

Финалдық кезеңнің толық қожайыны ретінде алаңға шыққан алматылық «Қайрат» турнир басталғанға дейін де, турнир өтіп жатқанда да, финалдық кезеңде де, биылғы маусымдағы соңғы ойында да даусыз көшбасшы деп саналған. Бірақ, Сүйін Молдашбаевтың командасы олардың барлық жоспарларын бұзды. Тұрақты біріншілікте де, жартылай финалда да, финалдық ойында да тараздықтар соңғы ойындарда маңызды ұпайларды тартып әкетіп, талай рет ақылға қонбайтын таңғажайыптарды көрсеткені белгілі. Бұл жолы да солай болды.

Жартылай финалдық кезеңдерде жеңіске жеткен төрт команда Алматыда бас қосты. Екі ойыннан кейін «Тобыл» мен «Семейді» жеңген қайраттықтар сенімді түрде көш басында келе жатқан. «Семейді» 1:0 есебімен ұтып, қостанайлықтармен 1:1 есебімен тең түскен «Тараз» екінші орында тұрды. Сондықтан, шешуші кездесуде алматылықтарға тең ойын да жеткілікті еді.

Алайда, оның сәтін салмады. Тартысты өткен ойын барысында, кездесудің екінші таймында қарсыластарының қақпасына аса қажет голды соққан тараздықтар алматылықтардың өз қақпаларына доп салуына еш мүмкіндік бермеді.

Нәтижесінде жеңіске қол жеткізілді! Сүйін Молдашбаевтың командасы еліміздің жастар және негізгі клубтарының ең жақын резервтері болып табылатын футбол орталықтары мен академияларының арасында республика чемпиондары атанды. Жастарымызды осынау тамаша жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз және оларға жаңа жеңістер тілейміз!

«Тараз» футбол клубының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.