Шығыстың ұлы ғұламасы

440

Батыс пен Шығысты терең білімімен мойындата білген әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Әл-Фараби «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атап кеткен. Әл-Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды. Бабамыз бұл тұрғыда «Ғылымдар энциклопедиясы» деп аталатын трактатын жазған. Бұл еңбектің ғылым тарихында алатын орны ерекше үлкен. Осы трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы» аттарымен Шығыс пен Батыс елдерінде өте ертеде-ақ мəлім болып, одан көп ғұламалар тəлім алды.
Енді, еліміз тәуелсіздік алып, дамыған мемлекеттер қатарына қосылып жатқан кезде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында тарихымызға терең бойлап, дүние жүзі өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын өткізу бәріміз үшін үлкен жауапкершілік. Мәңгілік мұрасын лайықты дәріптей білсек, жас ұрпақтың алар тәлім-тәрбиесі зор болмақ. Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізу, бабамыздың асыл мұраларын дүние жүзі кітапханаларынан жинақтап, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аудару қолға алынуда. Осындай рухты, айбары асқақ кемеңгерімізді ілкімді іспен мақтан ету келешек ұрпақтың еншісінде.

Гүлжан Ибраимова,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті

ЖД-158/2 мекемесінің аға инспектор психологы,

әділет аға лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.