Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында 30-дан астам адам рұқсатсыз кен өндіріп, қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Топтың құрамында оның ішінде Қытай азаматтары болған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, топ Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылы маңында заңсыз алтын өндірген. Олар күдіктілер құрамында алтыны бар кенді ешқандай рұқсат құжаттарынсыз өндіріп, өңдеумен айналысқан.
“Тергеу барысында олардың әрекетінен қоршаған ортаға елеулі зиян келгені анықталған. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылған. Сондай-ақ өзен арнасы өзгертілген. Заңсыз жұмыстар жалпы аумағы 30 гектар жер телімінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген”, – делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, заңсыз қызметке 30-дан астам адам тартылған. Олардың арасында Қытай Халық Республикасының азаматтары да бар.

Stan.kz ақпарат агенттігі
Фото: ҚМА