«Шабыт» фестиваліне 10 елдің үміткерлері қатысады

502

5-8 қараша аралығында Астанада XXI «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі өтеді. Биылғы байқауға 10 мемлекеттің өкілі қатысады.

Қалалық Мәдениет және спорт басқармасының мәліметіне сәйкес, биылғы байқауға қатысуға 345 өтінім түскен. Оның 27-сі — шетелдіктерден, ал 155-і еліміздің түрлі өңірлеріндегі үміткерлер.

«Байқауға он мемлекеттің Ресей, Өзбекстан, Украина, Израиль, Әзербайжан, Грузия, Беларусь, Башқұртстан, Қырғызстан және Қазақстанның өкілдері бақ сынайды», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі биыл 21-ші рет өткізіледі.

Биылғы байқау «Классикалық музыка», «Журналистика», «Хореография», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал» бес аталым бойынша өтеді.

Үміткерлер әр номинация бойынша бас жүлде мен 1, 2 және 3-орынды сарапқа салатын болады. Сондай-ақ көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің құрметіне тағайындалған атаулы сыйлықтар мен дипломдар бар.

Ең үздік өнерпаз халықаралық фестивальдің бас жүлдесі — ҚР Президентінің Кубогын иеленеді.

Әр номинация бойынша Гран-при иегерлеріне — 350 мың теңге, бірінші орын алғандарға — 300 мың теңге, екінші орын үшін — 250 мың теңге және үшінші орынға — 200 мың теңге беріледі. Бұдан басқа, әрбір секция бойынша ұйымдастырушы — елордалық Мәдениет және спорт басқармасы арнайы сыйлықтар мен құны 80 мың теңгелік атаулы дипломдар әзірледі.

Еске сала кетейік, «Шабыт» бағдарламасына «Журналистика» аталымы Астананың 20 жылдығын мерекелеуге орай алты жылдан соң қайта енгізілгендігі туралы жазған болатынбыз.  Айта кетерлігі бұл аталымда атаулы сыйлық қазақ жазушысы, журналист Шерхан Мұртазаны еске алуға арналады.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.