Сайлау туралы сөз болғанда көбіне оның саяси маңызы айтылады. Алайда сайлаудың қоғамдық мәні бұдан әлдеқайда кең. Ол азаматтың мемлекет өміріндегі үдерістерге қатысу деңгейін, ақпаратпен жұмыс істеу мәдениетін және өз шешімінің салдарын түсіну қабілетін де көрсетеді.
Құрылтай депутаттарының 2026 жылғы 23 тамызда өтетін алғашқы сайлауы да азаматтардың осындай жауапкершілігін айқындайтын маңызды қоғамдық үдеріс болмақ.
Сайлау партиялық тізімдер бойынша өтетіндіктен, сайлаушы үшін партиялардың бағдарламаларымен танысу, ұсынылып отырған бағыттарды салыстыру және олардың нақты ұсыныстарына назар аудару маңызды.
Ақпараттық дәуірде таңдау жасау бұрынғыдан күрделірек. Әлеуметтік желілерде бір оқиғаға қатысты ондаған пікір мен түрлі ақпарат тарауы мүмкін. Сондықтан азамат үшін ақпараттың қайдан алынғанын, оның қаншалықты расталғанын ажырата білу қажеттілігі туындайды.Саналы таңдау дегеніміз – белгілі бір пікірді біреудің ықпалымен қабылдау емес. Керісінше, ұсынылған ақпаратты зерделеп, салыстырып, өз көзқарасы негізінде шешім қабылдау.Азаматтық жауапкершілік те осындай саналы ұстанымнан басталады. Ол сайлау күнімен ғана шектелмейді. Қоғамдық мәселеге бейжай қарамау, өз құқықтарын білу, заңды сақтау, ұсыныс білдіру және қоғамдық диалогқа қатысу да азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Құрылтайдың жаңа құрамы бес жыл бойы заң шығару қызметін жүзеге асырады. Демек, бүгінгі саяси шешімдердің белгілі бір бөлігі алдағы жылдардағы қоғамдық өмірге ықпал етеді.Сондықтан сайлау процесіндегі әрбір қадамның мәнін түсіну маңызды. Азаматтың таңдауы – оның жеке ұстанымының көрінісі ғана емес, қоғамның саяси жүйеге қатысуының бір формасы.
Жауапты қоғамда азамат өз таңдауын жасайды, ал мемлекеттік институттар сол таңдау нәтижесінде берілген өкілеттікті сапалы әрі есепті түрде жүзеге асыруы тиіс.
Осы екі жауапкершілік қатар жүргенде ғана сайлау институтының қоғамдық маңызы толық көрінеді.
Сулхадин Мустафаев,
зейнеткер, Талас аудандық Қоғамдық кеңесі мүшесі